Қытай Транскаспий халықаралық теміржол дәлізін одан әрі дамытуға мүдделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай Транскаспий халықаралық теміржол дәлізін одан әрі дамытуға мүдделі

02.07.2024

Бейжің Транскаспий халықаралық теміржол дәлізін дамытуға мүдделі. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин өзінің авторлық мақаласында жазды. Осы және өзге де тақырыптар көтерілген көлемді мақала "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігіне жарияланды. Толығырақ тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады.

Қытай – Қазақстанның сенімді серіктесі. Көрші елмен экономикалық байланыс та берік. Соңғы бір жылдың өзінде, (графика) теміржол арқылы 28 млн тонна жүк тасымалданған. 12 млн 600 мың тоннасы Қазақстанның үлесінде. Мұндай көрсеткіш бұрын соңды тіркелмеген. Осы ретте Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық теміржол дәлізін одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.

Си Цзиньпин, Қытай халық республикасының төрағасы:

Қытай-Еуропа жүк пойыздарына қызмет көрсетуді дамыту және көлік қатынасының кең әрі жоғары тиімді желісін жақсарту үшін Транскаспий халықаралық теміржолының құрылысын дамыту қажет. Бұл бастама сауда, өнеркәсіп, инвестиция, экономика, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және ауылшаруашылығы сияқты дәстүрлі салалардағы ынтымақты одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Теміржолды жандандыру шекаралық өткелдердің өткізу қабілетін арттырады.

Бауырлас қалалар арасында әріптестік байланыс беки түсті

Өзара визасыз режим енгізілгелі - екі елдің байланысы бұрынғыдан да беки түсті. Сапарлаушылардың саны былтыр 600 мыңнан, ал биыл алғашқы 3 айдың өзінде 200 мыңнан асты. Қытай басшысы өңірлер арасындағы әріптестік қарым-қатынастың қарқын алып келе жатқанын баса айтқан. Тіпті, қытайлықтардың дастарханында қазақстандық өнім көбейіп келеді екен.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Визасыз режим енгізілгелі туыстар бір-біріне жиі қатынауға мүмкіндік алды. 26 бауырлас қаланың байланысы да нығая түсті. Қытайлық науқастардың арасында зор құрмет пен беделге ие офтальмолог дәрігер Сәулебек Қабылбеков, сирек кездесетін «панда қаны» тобының доноры Руслан Төленов, Қытайда аса танымал әнші Димаш жаңа дәуірдегі Қытай-Қазақстан достығының елшілеріне айналды.

Си Цзиньпин: Қытай Қазақстанның ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қарсы

Си Цзиньпин мақаласында Қытай Қазақстанның ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қарсы екенін атап өтті. Көрші ел басшысы Бейжің мен Астана арасындағы саяси өзара сенім деңгейіне тоқталып, екіжақты байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын жазды. Оның пікірінше, екі ел де жан-жақты, бірлескен және тұрақты қауіпсіздік тұжырымдамасын жүзеге асыруды қолдайды.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу