Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына кірді

04.07.2024

Астанада өтіп жатқан саммитте 9 мемлекеттің басшысы осыны растайтын арнайы құжатқа қол қойды. «Шанхай ондығына» айналған ұйымның кездесуі «Көп жақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранын арқау етіп отыр.

Қазір саммит өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайынан әріптесім Данияр Қайыртай тікелей байланысқа шығып тұр. Данияр, мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында тағы қандай мәселелер қаралмақ?

 Данияр Қайыртай, Тілші:

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Оған ұйымға жаңадан мүше болып қосылған Беларусияны қосқанда 10 мемлекет басшысы мен өкілдері қатысып отыр. 30 жылға жетер-жетпес уақытта «бестіктен» «ондыққа» айналған ұйым қазір әлемнің 45 пайыз халқы, яғни 3 млрд-тан астам адам тұратын ауқымды нарық. Ұйымға мүше елдерге әлемдік экономиканың 25 пайызы, сауда айналымының 15 пайызы тиесілі. Осындай экономикалық әлеуеті, адами ресурсы мен саяси беделі бар ұйым әлемде қалыптасқан ахуалға ықпал етуге мүдделі. Саммит «Көп жақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранын арқау етіп отырғаны да сол. Саммит қорытындысында Астана декларациясы, 20 шешім, мемлекет басшыларының 3 мәлімдемесі, оның ішінде «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы», «ШЫҰ-ны жетілдіру туралы» бастамасы қабылданады деп жоспарланған. Ал түстен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы форматындағы кездесу өтеді. Оған бақылаушы елдер мен диалог жөнінде серіктес елдер мен ұйымдардың өкілдері де қатысады.


Хабарламаларға жазылу