Беларусь ресми түрде ШЫҰ-на мүше болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беларусь ресми түрде ШЫҰ-на мүше болды

04.07.2024

Астанада өтіп жатқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы Беларусь Республикасын ШЫҰ мүшелігіне қабылдау рәсімінен басталды.

Тоқтала кететін жайт аталған ұйым 30 жылға жуық уақытта «бестіктен» «ондыққа» айналды. Қазіргі таңда ұйымға мүше елдерде әлем халқының 45 пайызы тұрады. Сондай-ақ әлемдік экономиканың 25, сауда айналымының 15 пайызы да осы елдерге тиесілі. Осындай экономикалық әлеуеті, адами ресурсы мен саяси беделі бар ұйым әлемде қалыптасқан ахуалға ықпал етуге мүдделі. Ал, ұйымға жаңадан мүше болған Беларусь елінің Сыртқы істер министрі Максим Рыженков бұл ұйым сауда-экономикалық байланысты жандандыру үшін қажет екенін айтты. Себебі, елге жеткізілетін тауардың 70 пайызы осы ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі дейді. Ең алдымен Беларусь Пәкістанға дейінгі көлік-логистикасын дамытуды көздейді.

Максим Рыженков, Беларусь республикасының сыртқы істер министрі:

Біз екі жылдай ұйымға бақылаушы ел болдық. Дәл Қазақстан төрағалық еткен тұста ұйымға толыққанды мүше болғанымызға қуаныштымыз. Шанхай ынтымақтастық ұйымға маңызды келіссөздер жүріп, саяси шешімдер қабылданатын алаң. Біз әсіресе, технология жағынан тәжірибе алмасу, ақпараттық қауіпсіздікті бірлесіп жетілдіру және көлік-логистикалық дәліздерді көбейту сынды бастамаларға басымдық береміз.


Хабарламаларға жазылу