«Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі Ұлттық арнаға сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі Ұлттық арнаға сұхбат берді

04.07.2024

«Мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінің басын қосып, қауіпсіздік, шекара, экономика, экология саласында маңызды келісімдер жасау - Қазақстан үшін үлкен жетістік.»

Саммиттен ақпарат тарату мақсатында Пәкістаннан арнайы келген «Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі Осама Бин Джавайд, арнаймызға берген экскюзивті сұхбатта осылай деді. Халықаралық дәрежедегі журналист, Ұйымға төрағалық еткен тұста Қазақстан жарқын бастамалар ұсынып, елдер арасындағы ынтымақтың күшеюіне жол ашты деп отыр.

Осама Бин Джавайд, «Әл-Жазира» телеарнасының журналисі:

Төрткүл дүниеде қақтығыстар ушыққан тұста, әлем лидерлерінің бір жерге жиналуы жақсы белгі. ШЫҰ кіретін елдер – жаһан халқының 40 пайызын құрайды. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 3/1-і тиесілі. Мемлекет басшыларының басын біріктіріп, қауіпсіздік, шекара, экономика саласында маңызды келісімдер жасау - Қазақстан үшін үлкен жетістік. Бұл – бір мезетте бірнеше мемлекеттің бірлесе отырып өзекті мәселелерді шеше алатынына жарқын үлгі. Былтыр Қазақстан Астана декларациясы мен ШЫҰ жетілдіру туралы бастама ұсынды. Бұл ұйымға мүше және одан тыс елдермен ынтымақтың күшеюіне жол ашады.

Айта кетейік, Астанада 700-ден астам шетелдік журналист Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінен хабар таратып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. Бұдан бөлек 200-ден астам қазақстандық масс медиа өкілі де халықаралық шарада жұмыс істеп жатыр. Ведомство өкілінің айтуынша, әлем назарын аударған шараға еуропалық БАҚ үлкен қызығушылық танытып отыр.

Ян Ицзюнь «Сgtn» Медиа-Корпорациясының Тілшісі /Қытай/:

Ұйымның әлемде беделі зор. Қазақстан төрағалық еткен тұста маңызды 100-ден астам шара ұйымдастырды. Нәтижелі жұмыс атқарылды. Әсіресе, Қазақстанның «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін» бастамасын атап өтуге болады. Бұл бастама қабылданса, халықаралық аренадағы тұрақсыздықты тежер еді.


Хабарламаларға жазылу