Әлем ақпарат құралдары ШЫҰ саммиті жайлы хабар таратып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем ақпарат құралдары ШЫҰ саммиті жайлы хабар таратып жатыр

04.07.2024

Астанада өтіп жатқан саммит жайында әлем ақпарат құралдары да хабар таратып жатыр.

Ресейдің ТАСС агенттігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Беларусьтің Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіргені туралы мәлімдемесін жариялады.

Ал «Рейтер» Қытай төрағасының осы ұйымды ішкі келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге, ортақ тіл табуға және ынтымақтастық барысындағы қиындықтарды еңсеруге шақырғанын хабарлаған.

Қазақстан астанасындағы саммит «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің де назарынан тыс қалған жоқ. Оның дерегінше, «қабылдаушы ел Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері үшін бұл кездесу - үлкен әрі қуаттырақ көршілерімен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың бір жолы» екен.

Салмақты халықаралық жиынға Әзербайжанның мемлекеттік жаңалықтар агенттігі «Әзертадж» да материал арнады. Оның хабарлауынша, саммитте Астана декларациясы қабылданды.

Ал «әл-Арабия» телекомпаниясы өзінің сайтында Беларусь президенті Александр Лукашенконың «Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы өзге халықаралық платформаларға балама» деген мәлімдемесін жариялаған.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу