«Қошқар ата» радиациялық қоймасының айналасына сексеуіл егіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қошқар ата» радиациялық қоймасының айналасына сексеуіл егіліп жатыр

05.07.2024

Маңғыстауда Қошқар ата радиациялық қоймасының айналасына егілген сексеуілдер жайқалып өсе бастады. Нәтижесінде уран қалдықтары көмілген улы көлден ұшатын топырақ көшкіні әлдеқайда тоқтаған. Мамандар жобаның 80 пайызға сәтті орындалғанын айтады. Аягөз Оралбайқызы тарқатсын.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қошқар ата улы көлінің радиациясынан қоғану үшін, сексеуіл егу жобасы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде ұзындығы - 4 шақырым, ені – 100 метр 40 гектар алқапта 150 мыңдай сексеуіл өсіп тұр. Шөлге төзімді өсімдіктердің биіктігі 1,5- 2 метрден асқан.

Радиациялық көлдің айналысында сексеуіл егу үшін алдымен, аумақты қоршау жұмыстары жүргізілген. Әкімжан Лұқманов сол жұмыстардың басы-қасында болды. Эколог және орманшы жас маман шыбықтарды арнайы техникамен жеке-жеке өзі егіп шыққан.

Әкімжан Лұқманов, Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының аға инженері:

Біз бұл сексеуілдерді баламыздай баптап өсірдік. Егу жұмыстары қиын болды және өсіп кеткенше уайымдадық. Бұл жобамыз сәтті болды. Егін алқабы улы заттардан және зиянды зиянкестерден халықты және елді-мекендерді қорғап тұр.

Сексеуіл - шөлейтті аймаққа төзімді өсімдік. Бірақ, бойлап өсіп кеткенше күтімді қажет етеді. Жобаны жүзеге асырып жатқан маңғыстаулық мамандар оны егуді алдын-ала әзірлеп, механикалық жолмен отырғызған. Сондықтан біркелкі өсіп, эстетикалық көрік беріп тұр.

Ақжүніс Иманбаева, Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры:

80 проценттен астам біз жақсы нәтиже алдық. Негізінде жоба бойынша 60 пайыз нәтиже алатын болсақ, онда жоба сәтті орындалған деп есептеледі.

Көлдің айналасына жасыл желек егу жобасы 3 кезеңнен тұрады. Соның екінші кезеңінде мамандар тағы 40 гектар аумаққа сексеуіл еккен. Алда тағы осынша жерге өсімдік отырғызылады. Нәтижесінде «Қошқар ата» радиациялық қоймасының 120 гектар аумағы қамтылмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу