Теріскейдегі «Тайынша-май» зауыты өнімдерін экспортқа шығаруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейдегі «Тайынша-май» зауыты өнімдерін экспортқа шығаруда

06.07.2024

Теріскейдегі «Тайынша-май» зауыты күнбағыс, зығыр мен рапс майын экспортқа шығарып отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен жоба 2016 жылдан бері сәтті жүзеге асып келеді. Май зауыты Солтүстік Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі. Нысан жылына 300 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы.

Мәншүк Зардхан зауыт ашылған күннен бастап еңбек етіп келеді. Қазір зертхана меңгерушісі. Қытайға жөнелтілетін тауардың әр партиясын өзі тексереді. Айтуынша бірініш кезекте сапаға мән беріледі.

Мәншүк Зардхан, Зертхана меңгерушісі:

Жақсы жұмыс істейтін адамдарды өздерінің комнапиясы бар Сиянь қаласында, Қытайда, соған алып барады. Тәжірибе алмасуға экскурсия жасатып. Қыста мен мысалы мен өзім барып келдім, 10 күнге.

Зауыт 2016 жылы «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында салынды. Тайынша ауданындағы Ильичевка ауылында небәрі 4 айда ірі кәсіпорын пайда болды. 90-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен әлі де маман тапшы.

Ду Жун Ченг, Инженер:

Қытайда шикізат тапшы. Ал Қазақстанда өңдеу саласын дамыту қажет. Көп мемлекеттерді қарастырып, Қазақстанға тоқталдық. Зауытты Тайынша ауданында ашу ұсынылды. Ұсынысты қабылдадық.

Бірлескен жоба құны 9 млрд теңгеге бағаланды. Зауыт жыл сайын өндіріс көлемін арттырып келеді. Тек отандық шикізат пайдаланылады.

Асан Әміренов, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:

Жақында ауданға қытайлық делегация келді. Облыс әкімінің қатысуымен кездесу өтті. Ет өңдеу саласында кәсіпорнын ашу көзделіп отыр. Тайынша ауданы жүк тасымалы үшін өте қолайлы, сондықтан инвесторлар қызығушылық танытып отыр.

Кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істейді. Майлы дақылдардың сығындысы малға сапалы азық болады. Зауыт әзірге жартылай дайын өнім шығарып отыр. Жуырда бұл мәселе шешімін таппақ.

Эльмира Кәленова, Тілші:

Қазір тағы бір цехтың құрылысы жүріп жатыр. Нысан тамыз айында іске қосылады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл жерде дайын өнім құтыларға құйылып, экспортқа жөнелтіледі.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу