Жаңатаста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңатаста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін

08.07.2024

Жаңатаста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Кешегі нөсер жауыннан Жамбыл облысының бірнеше елді-мекені су астында қалды. Әсіресе, Жаңатас қаласының тұрғындары біраз әбігерге түсті. Кеше кешкісін сағаттап жауған нөсер салдарынан қала тұрғындары тізеден су кешуге мәжбүр болды. 400-ден астам аула мен 50-ге жуық үйге су кірді. Қазір қаланы жаңбыр суынан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Арнайы техникалардың көмегімен 18 мың текше метр су сорылды. Жаңатаста нөсер жауыннан кейін қандай жұмыстар атқарылып жатыр, меншікті тілшіміз Данияр Әлімқұл толықтырады.

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы, Дегерес елді мекеніндегі Ыбырай Алтынсраин, Клачкова, Аяпов, Байсейітова көшелері. Жаңбырдан кейінгі жағдай, судың деңгейі тізеден келеді. Соруға мүмкіндік жоқ.

Табиғаттың тосын мінезі шөбі сары шөлді зонадағы ауданға тасқын әкелді. Науалап жауған нөсерден әп-сәтте шағын шаһардың көшелері көлге айналды. Сарылдап аққан су Сарысу ауданы орталығындағы 13 көшеге кірді. 400-ден астам аулаға жайылып, 47 үйді су басты. Ал «Жаңатас-Саудакент» тас жолында қатынас үзілді.

Толассыз жауыннан тоқтаусыз аққан лай су 600 абонентті жарықсыз қалдырды. Бүгін қуат көзі қайта қосылды. Жертөлесін су жайлаған Қонаев мектебінде электр жарығы жоқ. Қарбалас сәтте жаңатастықтар жанталаса жүріп құтқарушылармен тізе қосып жұмыс істеді.

Жолтай Ахметов, қала тұрғыны:

Ә дегеннен қиындау болды, анша-мұнша көмектер болмады. Жамбыл облысынан келген құтқару қызметкерлері түніменен менімен бірге болып, таң атқанға дейін үш жарымға дейін осында қызмет жасады.
Қуаныш Тұрсынбай, қала тұрғыны:

Енді тек комиссияны күтіп отырмыз. Ары қарай дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамыз. +Үйімді шайып кеткелі бері ешқандай жұмыс істей алмай отырмыз.
Жалпы тасқынға тосқауыл болуға 250-ге жуық адам жұмылды. 53 техника мен 24 су сору құрылғылары қосылды. Полиция департаментінің өзі 140 қызметкерін ағынды ауыздықтауға жіберді. Бүгін түске дейін су кірген үйлер толық тазартылғанымен аулаларда су сору жұмыстары әлі жалғасуда.

Арман Тоқанов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Мал шығыны жоқ. Зардап шеккен халықты қабылдау үшін М. Әуезов мектебінде 45 орын және орталық ауруханада 60 орын дайындалды.
Ал «Қаз селден қорғау» мекемесінің мамандары облыстың бес ауданын сел жүру қаупі бар картаға енгенін ескертті. Мамыр айынан бері таулы жердегі тасқын төндіруі мүмкін 18 өзен бақылауға алынған.

Сұлтан Ақбердиев, ҚР ТЖМ «ҚАЗ Селден Қорғау» ММ Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы:

18 өзенде 140-қа жуық қауіпті телімдер орналасқан. Күрт ауа райы температурасының көтерілуі, температуралық фонның, ұзақ нөсер жауынның әсерінен де қауіп төндіруі мүмкін деу керек, ол мүмкін, табиғи құбылыс.
Әзірге Жаңатаста шығынды есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Қорытындысына сәйкес жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу