«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Асыл мұра» ұлттық музыкалық жинағын ұсынад - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Асыл мұра» ұлттық музыкалық жинағын ұсынад

08.07.2024

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы осы күзде қазақтың ұлттық өнері топтасқан «Асыл мұра» аудиожинағын көпшілік назарына ұсынады. Жобаның ерекшелігі сол, бір ғасырға татитын қазақтың төл өнерін енді әлемге әйгілі 30-дан астам музыкалық платформалардан тыңдауға мүмкіндік бар. Жинақта көне ән-күйден бастап, жыр-термелер, ретро әндер мен ертегілер де бар.

Бұл 1925 жылы Парижде өнер көрсеткен Әміре Қашаубаевтің дауысы. Әйгілі «Балқадиша» әуені – енді күллі өнерсүйер қауымға қолжетімді.

Гауһар Қозыбаева, «Қазақстан» РТРК» Алтынқор телерадиоқоры департаментінің редактор-фонотекары:

Ақан серінің «Балқадиша» әні 1925 жылдардан бері қарай орындалған екен. Сол нұсқадан бері қарайғы жылдарды алдық. Ретро әндер жинағына 60-70 жылдардағы әндерді алдық. Одан кейін күй, күйді 1950 бері қарайғы күйлерді алдық.

Мамандар жарты жылдан бері таңдаулы әндерді сұрыптап, 1000-нан астам туындының дауысын тексерді. Түпнұсқасын сақтай отырып, артық дыбыстарын тазартты.

Ақмарал Тілеумағамбетова, «Қазақстан» РТРК» Алтынқор телерадиоқоры департаментінің бас менеджері:

Басты мақсат – осындай құнды жәдігерлерді мұрағатта ғана сақтап қоймай тыңдарман қауымға, көпшілікке қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

6 бөлімнен тұратын жинаққа әннен бөлек, күй, жыр-терме, халық әндері мен ертегілер, бесік жыры, ретро әндер енеді. Бір сөзбен қазақтың құнды мұралары түгел қамтылады. Киелі аспап - домбыраның қазақ үшін орны бөлек. Жинақтың әлқиссасы Тәттімбет, Дәулеткерей, Құрманғазы бабаларымыздан мирас болған күй өнерінен басталады.

Сәрсенғали Жүзбай, «Қазақ радиолары» ЖШС «Шалқар» радиосының жетекші-редакторы, күйші-өнертанушы:

Оны іріктегенде негізгі біздің мән берген дүниеміз ол әлбетте қазақтың күйшілік мектебі. 4 тарапта қандай бар бәрін қосуға тырыстық. Сыр бойының күйшілік мектебі, Жетісудың күйшілік мектебі, Шыңжаң өлкесіндегі, Алтай, Тарбағатай күйлері қамтыллды.

Алтын қордағы 600-ге жуық жыр-терменің тек таңдаулысы кірді. «Асыл мұраны»тыңдаған аға буын өткеніне сапар шексе, ұлттық өнердің өскелең ұрпаққа берері зор. Құнды жәдігерлер бұған дейін «Қазақстан»телерадиокорпорациясының «Алтын қорында» сақталып келді. Соңғы жылдары корпорация цифрлы форматтау жұмыстарына көп көңіл бөлді. Нәтижесінде 100 мыңнан астам туынды замануи үлгіге көшті. Ендігі меже - қазақтың дәстүрлі төл өнерін дүйім жұртқа жаңа форматта дәріптеу.

Айзат Құсайынов, «Ozen» жобасының жетекшісі:

Қазақстан телерадиокорпорациясы мұрағаттағы көне туындыларды цифрлы форматқа ауыстыруға үлкен күш салды. Соның нәтижесінде біз мыңнан астам туындыны Spotify, Yandex , Music, Itunes, Ютуб сияқты ең танымал 30дан астам платформаға жүктеп жатырмыз. Олар бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Бұл бастама бір ғасыр бұрын да біздің мәдениетіміздің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Әрі ұлттық құндылығымызға деген құрмет деп білемін.

Жинақта көне туындылардың тізімімен қоса QR-код пен флешдиск орналасады. Өнерсүйер қауым тек Қазақстанда ғана емес, ғаламтордың көмегімен әлемнің кез –келген бұрышынан тыңдай алады. Аудиожинақты дайындауға өнертанушылар мен мәдениеттанушылар, әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері де ат салысты. Жобаның тұсаускесері алдағы күз маусымына жоспарланып отыр.


Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу