Президент олимпиадалық құрамаға Мемлекеттік туды табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент олимпиадалық құрамаға Мемлекеттік туды табыстады

10.07.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысушыларға Мемлекеттік туды тапсырды

Парижде болатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтіп отыр. Үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеде тұтас елдің намысын қорғау абыройлы міндет. Жолдаманы жеңіп алған әрбір қазақстандық спортшы жаһандық жарыста топ жаруға лайық екенін дәлелдеді. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін деген Президент олимпиадалық құрамаға сәттілік тіледі. Қазақстан құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. Париж Олимпиадасына 80 спортшы барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін. Көк туымыз тек қана биікте желбіресін. Баршаңызға сәттілік тілеймін.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу