Атырауда жағымсыз иіс тарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда жағымсыз иіс тарады

13.07.2024

Атырау жұрты жағымсыз иістен тұншығып жатқанын айтады. Қала тұрғындары арнайы күкірт сутегінің қалыпты нормадан бірнеше есеге дейін артқанын байқаған. 

Соңғы 3 күнде шаһарда қолқаны қабатын жағымсыз иіс тарады. Тұрғындардың басым бөлігі оны түнде сезген. Иістің қатты болғаны сонша кейбірінің демалуы қиындап, қысылғандарын айтады.

Иістің шаһар шетіндегі 500 гектардан аса аумақты алып жатқан нәжіс суын төгетін «Квадрат» булану алаңынан шығып жатқаны анықталды. Қазір аумақты тазалап, жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу жұмыстары жүруде. Келісімшарт бойынша жобаның құны 19 млрд 475 млн теңгені құрайды.

Нұрлан Жантоқов, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Биылғы жылы бітіру керек еді, бірақ тасқын судың келуіне байланысты биыл бітіре алмайды. Барлығын жасауға мүмкіндік жоқ. Оның ең бірінші жасайтын жерлері мына лас түсетін жерлері. Бірінші сол жерлер тазаланды. 20-30 гектар жер тазаланды.

Экология департаментінің мамандары да ауа құрамын тексерді. Нәтижесінде күкіртсутектің 10 есеге артқанын айтады.

Ерлан Есенов, Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Экология министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бекітілген жол картасы бар. Мұнда кезек күттірмей шешілетін бірқатар экологиялық мәселелер көтерілді. Бүгінгі күні оның тең жартысы шешілді. Қалғаны кезең-кезеңімен шешіледі.

Жыл басынан бері қала аумағындағы бірқатар мұнай компанияларына ауаны ластағаны үшін 13 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Қазір басым бөлігі сот процесінде.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу