Астана-Милан бағыты бойынша рейс ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана-Милан бағыты бойынша рейс ашылды

13.07.2024

Енді елордалықтар Италияның Милан қаласына 7-8 сағатта бара алады. Астана-Милан бағыты бойынша әуе рейстері іске қосылды.

Қазақстандықтар Италия еліне бір табан жақындай түсті. Алғашқы рейс бір апта бұрын ашылды. Осыған дейін тек Алматы-Милан бағыты бойынша жолаушылар тасымалданатын еді.

Жыл басында мемлекет басшысы Италиялық әуе компанияның президентін қабылдаған еді. Кездесуде екі ел арасындағы әуе қатынастарға сұраныстың жоғары екендігі, Миланға рейстерді көбейту туралы мәселелер талқыланды. Бұл Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттырып, туризмді дамытады деді мемлекет басшысы.

Марко Альберти, Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Студенттер мен кәсіпкерлер, туристер үшін де бұл көптен күткен қуанышты жаңалық деп білемін. Астанадан Миланға 8 сағатта, Миланнан Астанаға 7 сағатта жетуге болады. Ұшаққа 330 жолаушыға дейін сыяды. Ендігі мақсат рейстер санын көбейту, екі ел арасын жақындастыра түсу.

Жыл соңына дейін Астана-Рим бағыты бойынша рейстер ашылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта қазақстандықтар Ақтаудан Индия еліне Италия арқылы қатынай алады.


Хабарламаларға жазылу