Испания - Еуропа чемпионы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Испания - Еуропа чемпионы

15.07.2024

Испания - чемпион. Бір айға жалғасқан футбол мерекесі аяқталды. Кеше Берлиндегі Олимпиаштадионда Еуропа кубогының финалы өтті. Испания мен Англия құрамалары басты жүлде үшін таласқа түсті. Доп додасының айшықты сәттері жайлы Шерхан Жамбылұлының материалы.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Берлинге финал қарсаңында 250 мыңнан астам адам келді. Қала араның ұясындай гуілдеп тұр. Тек Англияның өзінен 50 мыңнан аса жанкүйер осы матч үшін неміс жеріне арнайы ат басын бұрған.

Жетпіс мыңдық алаңда ине шаншыр орын жоқ. Миллиондаған көрермен телеарнаға телмірді. Маңызды матчтың басында ойыншылар барынша сақ қимылдап, қорғанысты қымтап тастады. Бірінші таймда қақпаға бір ғана доп тура бағытталды. Ал үзілістен кейін Испания шыға салып, есеп ашып кетті. 17 жастағы Ламин Ямалдан пас алған шабуылшы Нико Уильямс Джордан Пикфорд қорғаған қақпаға гол салды.

Дегенмен 73-минутта Англия есепті теңестіріп кетті. Алаңға 70-минутта шыққан 22 жастағы Коул Палмердің айып алаңынан тепкен добы Испания қақпасынан табылды.

Негізгі уақыт тең аяқталатындай көрінген. Алайда 86-минутта Испания ойыншысы Микель Оярсабаль Англия қақпасынан саңылау тауып, есепті еселеді. Жеңісті гол. 2:1.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қызыл фурия жанкүйерлері үшін бүгін мереке. Түнімен тойлайтыны анық. Испания құрамасы кәрі құрлықтың үздігі. Олар Еуропа біріншілгінің кубогын төртінші мәрте ұтып, рекордты жаңартып отыр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу