Спортшылар ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарына аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спортшылар ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарына аттанды

17.07.2024

Париж Олимпиадасының басталуына тоғыз күн қалды. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларымыз бүгін Алматы облысынан Францияға аттанды. 
Айдана Қуантхан, тілші:
Бүгін Алматы облысындағы Олимпиадағы дайындық орталығында Парижге аттанатын спортшыларды шығарып салу рәсімі өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтататын саңлақтарымыз осында жиналды. Дүбірлі додаға ойыншыларымыздың бұл орталықтан аттанып бара жатқаны да бекер емес. Олимпиадашылар соңғы күнге дейін осы орталықта жаттықты. Бұл өз кезегінде кеудеге сенім мен рух береді, - дейді жаттықтырушылар. Қай спортшының да арманы биік. Ал мүмкіндік пен қабілет, әсіресе, бапкерге белгілі.
Елсияр Қанағатов, Олимпиада Және Параолимпиада дайындық штабының басшысы:
Спорттық гимнастикадан біздің екі жігітіміз осал емес. Енді сондай спорт түрлерінен медаль алсақ біз қуанар едік. Енді жекпе-жектен өзі белгілі олар алу керек, алуға міндетті. Бокс болсын, күрес, дзюдо спорт түрлері. Жаңадан қосылған спорт түрлері бар. Брейкинг, құзға өрмелеу деген сияқты. Бұл жерде үміт күтеміз.
Айдана Қуантхан, тілші:
Бүкіл дүние көз тіккен дүбірлі додаға «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» спортшылар іріктеліп алынды. Олардың да көңілінде үміт пен қобалжу бар. Ел намысын жоғары қойған ойыншыларымыздың әрқайсысы жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз. Бүгінгі шара барысында еліміздің үздік спортшыларына Министр сәттілік тіледі.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
Дайындық кезеңдерінде спортшыларымызға барынша жағдай жасалды. Бас жаттықтырушымыздан бастап барлық сала маманы спортшыларамызға бей-жай қарамады. Шетелден арнайы шақыртқан 4 маманымыз әлі күнге дейін олимпиадашыларамызбен жан-жақты жұмыс істеп жүр. Парижге бапкерлерден бөлек әр спортшымызға спорттық медицина мамандары да еріп барады.
Айдана Қуантхан, тілші:
Ал Париж төрінде өтетін ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын 80 спортшы қорғайды. Олар 25 спорт түрінен бақ сынайды. Әлем асыға күткен дүбірлі додада біздің спорт саңлақтарымыздың бабы келісіп, бағы жансын дейміз.
Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу