Қазақстанда соңғы 4 жылда сотталғандардың саны 7 мыңға өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда соңғы 4 жылда сотталғандардың саны 7 мыңға өскен

18.07.2024

Соңғы 4 жылда сотталғандардың саны 7 мыңға өскен. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібековтың айтуынша, бұған кей заңдардың қатаңдатылуы себеп. Мәселен, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлығы және жол-көлік оқиғаларына қатысты заң талаптары күшейгені белгілі. Қазір еліміздегі 78 қылмыстық атқару жүйесінде 37 мыңнан астам сотталған азамат жазасын өтеп жатыр. Оның 3 мыңға жуығы әйел, 50-ден астамы кәмелетке толмаған. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған. Сондай-ақ комитет төрағасы сыбайлас жемқорлықпен күрестің күшейгенін айтты.

Теңізжан Жәнібеков, ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы:

Біз өз қатарымызды адал емес қызметкерлерден тазартып жатырмыз. Жыл басынан бері 15 факт тіркелсе, оның оны мекемелердің өзіндік қауіпсіздік қызметкерлерінің күшімен анықталып отыр. Сыбайлас жемқорлық бойынша біздің жұмыстарымыз 24/7. Күнделікті тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Соңғы жылдары салада цифрландыруға баса мән берілген. Ғимараттарға 38 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылды. Түрмедегі ішкі тәртіпті Бас прокуратура онлайн қадағалай алады. Бейнебақылау камераларының арқасында 21 мыңнан астам ереже бұзғандар анықталған. 9 топтық төбелес пен 47 суицид оқиғаларын алдын алды. Қашпақ болған 4 азамат ұсталған.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу