Алматыда үш күнде үш автобус апаты болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда үш күнде үш автобус апаты болды

20.07.2024

Алматыда үш күнде үш автобус апаты тіркелді. Тіпті жеке үйдің қоршауына кіріп кеткен №32 бағыттағы көлікті тізгініндегі жүргізушіні куәгерлер мас болған деп отыр. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері алып шаһарда 134-ге жуық автобус апаты тіркелген. Автобус апаттары неге жиіледі? Бақылау жоқ па?

Автобус апатынан зардап шеккен алматылық тұрғынға ота жасалды. Асық жілігіне зақым келген.

Жасұлан Арғынбаев, №7 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері:

Ал екінші науқасқа асықты жіліктің ығысқан ашық жарақатымен түскен біздің ауруханаға. Ол кісіге үлкен операция жасалды. Қазір политравма бөлімшесінде жатыр.

Еске салайық, апта басында ауыр жүк көлігі автобусқа соғылды. Жолаушыға лық толы қоғамдық көлік жеке үйдің қоршауына қарай ұшып кеткен. 9 адам зардап шекті, екеуі ауруханаға жеткізілген болатын. Қалғаны амбулаториялық ем алуға жіберілген.

Ал күні кеше таңғы сағат 5-тер шамасында жолаушылар автобусы кері бұрылып жатып, жекемешік үйдің қоршауына кіріп, газ құбырын зақымдады. Куәгерлердің айтуынша, рөлде отырған жүргізуші мас болған.

Бірақ жауаптылар мұны жоққа шығарып әлек.

Жанна Нұрсейітова, «Алматы Электро Транс» ЖШС баспасөз бөлімінің жетекшісі:

Заң бойынша әрбір жүргізуші рейске шығар алды, рейсттен кейін арнайы медициналық тексерістен өтеді. Қан қысымын, жүректің соғу жиілігін, температураны өлшейміз. Сондай-ақ, жүргізуші есірткі немесе алкоголь бар-жоғын анықтаған соң, қоғамдық көлікті тізгіндеуге рұқсат береміз.

Жүргізушінің ішімдік ішкен-ішпегенін арнайы тағайындалған сараптама нәтижесі көрсетеді деді.

Ал кеше түнде автобустың қатысуымен тағы бір жол-көлік апаты тіркелді.

Айдана Қуантхан, тілші:

Оқыс оқиға Талғар тас жолы бойында дәл мына мен тұрған жерде болған. Автокөлік жүргізушісі қатты жылдамдықпен келіп, қарама қарсы бағытта қоғамдық көлік паркіне кірейін деп тұрған автобусқа соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктегі 2 адам көз жұмды.

Мұнда екі ірі тұрғын үй кешені, тойхана мен дәмханалар орналасқан. Тұрғындар мұндағы автопарк қозғалысқа кедергі дейді.

Автопарк басшылығы болса, бізбен тілдесуге құлықсыз. Сондай-ақ, жолаушылар автобус жүргізушілерінің жиі тәртіп бұзатынына шағымданды.

Мұндайларды бейнекамералар арқылы анықтап, қайта оқытамыз дейді мамандар. Бірақ бұл да мәселені түбегейлі шеше алмайтын сияқты.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу