Ертең - кеншілер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең - кеншілер күні

20.07.2024

Металлургия - мұнай газдан кейін ел экономикасына еселеп өсім әкеліп отырған негізгі салалардың бірі. Осы саладағы өндірістің 70 пайызға жуығы Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Ауыр өнеркәсіпте аянбай еңбек еткен жандардың ел дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз.

Қайрат Қазанғапов 30 жыл еңбек өтілі бар металлург. Ыстық мырыштау және алюминдеу цехының іргесі қаланғаннан бері осы жерде жұмыс істеп келеді. Қара металдың қалыңдығын реттеп, мырышпен қаптап отырады. Егерде өлшем бірліктен қате кетсе металл жарамсыз болып қалады.

Қайрат Қазанғапов, металлург:

Жұмыс ауыр 12 сағат істейміз, тапжылмай. Жұмысқа келгеннен бастап қауіпсіздік ережесін сақтап жүру керек. Себебі барлығы айналып тұратын механизм бәрі қауіпті. Осы цехқа кіргеннен бастап қарап отыру керек, крандар жүреді, груздар көтеріп кетеді.

Кәсібіне адал жандардың ерен еңбегін Теміртаудағы «Қала ішіндегі қала» атты ерекше көрмеден көрсе болады. Мұнда Қазақстан магниткасының шежіресі, комбинат құрылымы, ондағы өндіріс цехтары туралы мол мағлұмат берілген. Барлық құнды құжаттар, жәдігерлер мен суреттер экспозиция мазмұнын ашу үшін ерекше стильде қойылған.

Лаура Қаленова, Теміртау қалалық Тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

Ең басты жәдігеріміздің бірі ол алғашқы қазақстандық шойын. Ол шойын 1960 жылы 3-і шілде күні 1 домна пешінде өндірілген болатын. Сол күннен бастап Қазақстан магниткасының туған күні болып есептеледі. Келесі экспонат бұл кілт. Ол 4-і домна пешінің кілті деуге болады.

Екінші Дүниежүзілік соғысы жылдары салынып, содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан Металлургиялық комбинат өндірісі 7 үлкен цехтан тұрады. Осы кішігірім қалашықта 35 мың маман жылына 5,3 млн тонна сұйық болат өндіреді. Экономикаға еселеп үлес қосқан еңбеккерлердің дайындаған өнімі шет елдерге де экспортталады.

Жандос Бақытұлы



Хабарламаларға жазылу