Брейкинг. Революциялық эмблема. Өзен жағасындағы ашылу салтанаты. Алты күннен кейін дәстүрлі атлеттер парадының орнына Сенадағы қайықтар парадын тамашалаймыз. Париж Олимпиадасы туралы тағы қандай деректерді біле жүрген жөн? Әріптесім Қаракөз Тұрмағанбеттің материалына зер салайық.
Парижде Олимпиада ойындары үшінші рет өткізілгелі жатыр. Бұған дейін төртжылдықтың басты додасын үш мәрте ұйымдастырған жалғыз қала Лондон болатын. 1908, 1948 және 2012 жылдары. Ал сән әлемінің астанасы Олимпия ойындарын алғаш рет 1900 жылы өткізіп, оған тұңғыш рет әйел атлеттер қатысқан еді. Одан кейін 1924 жылы дүбірлі доданы екінші рет ұйымдастырған алғашқы қала ретінде тарихта аты қалды. Араға ғасыр салып, Париж жазғы Олимпия ойындарын үшінші рет, ал жалпы Франция алтыншы Олимпиадасын дүркіретіп өткізбекші.
Ал салтанатты ашылу рәсімі Олимпиада тарихында алғаш рет стадион ішінде емес, төрткүл дүниеге танымал Париждің тарихи, мәдени, көрнекті орындарын қамтымақ. Байрақты бәсекеде бақ сынайтын спортшылар Сена өзенінің бойымен 6 шақырым қайықпен жүзіп өтеді. XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын 26 шілде күні біздің уақытпен түнгі 22.30-да Ұлттық арна да, Qazsport та тікелей эфирде көрсетеді.
Париж Олимпиадасында 32 спорт түрінен 306 түрлі сайыс ұйымдастырылады. Олардың арасындағы дебютант – брейкинг. 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында брейкингке деген қызығушылық еселеп артты. Сондықтан оны Париж-2024-тің олимпиадалық бағдарламасына енгізді.
Осы жолғы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының эмблемасы біртекті. Мұндағы мақсат – Олимпиада мен Паралимпиада спортшыларына деген ілтипат пен құрмет бірдей деген ойды білдіру. Париж-2024-тің бетбейнесі іспетті эмблема үш элементтен тұрады. Алтын медаль, алау және француз революциясы мен халқының символы Марианна.
«Бұқаралық марафон». Парижде алғаш рет марафон жарысымен әуесқой түрде айналысатын адамдар олимпиадалық марафоншылар сайысын дәлме-дәл қайталайды. Оған өтінім бергендердің 20 мыңы кездейсоқ таңдалады. Олимпиада аясындағы жарыста бабын сынар бақытты жандардың арасында бейжіңдік курьер Луан Юшай да бар.
Луан Юшуай, Бейжің қаласының тұрғыны:
Көктемде электрондық поштама: «Париждегі «Бұқаралық марафонға» қатысасыз! Құттықтаймыз!» деген хат келді. Тарихи марафонның қатысушысы, бағы жанған 20 мың адамның бірі екеніме өте қуаныштымын!
Олимпиада ойындары аясында өтетін «Бұқаралық марафонның» басталу уақыты тамыздың 10 күні кешкі тоғызға белгіленген. Яғни Париж Олимпиадасының жабылу салтанатынан бір күн бұрын болады.
Қаракөз Тұрмағанбет