Атырауда құстар қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда құстар қырылып жатыр

22.07.2024

Атырауда құстар жаппай қырылып жатыр. Оқиға Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағындағы «Сасық сай» булану алаңында болған. Мамандар 60-қа жуық қанаттының өлексесін анықтаған. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

«Сасық сай» алаңының аумағы 860 гектарды құрайды. 4 секторға бөлінген. Оның екеуінде рекультивация жұмыстары жүріп, толығымен құрғатылған. Қазір біз 1 секторда тұрмыз. Бұл жерге Атырау мұнай өңдеу зауытынан шыққан техникалық су құйылып жатыр.

Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде тарағаннан кейін арнайы комиссия құрылды. Бүгін экологтар, орман шаруашылығы инспекциясы, ветеринария басқармасынан құралған топ Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағындағы «Сасық сай» булану алаңын аралады. Алайда бейнежазбадағы өлекселердің біреуі де көрінбеді.

Мереке Шалқаров, облыстық орман шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Кеше санағанымда 55 дана өлексе, оның 7-еуі аққу болды. Қалғандары лысуха құстары. Қазір енді жүрген жолымызды қарап келе жатырмыз. Жоқ алып кеткен сияқты.

Бәрін бірдей жинап үлгермепті. Сәлден кейін суда қалқыған аққудың өлексесін байқадық. Мамандар оның 1-2 күндікте өлген құс екенін айтады. Зауыттағылар мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған деп отыр. Суымыз таза, біз жиі сынамалар алып, тексеріс жүргізіп отырамыз дегенді алға тартты.

Нұрлан Ещанов, АМӨЗ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы:

Судың құрамында мұнайдың көрсеткіші 1,8 миллиграм на литр болуы керек. Содан жоғары болмауы керек. Ал біздерде 0,4-0,3 көрсетіп тұр. Енді су таза.

Табылған аққудың өлексесі мен судан алынған сынама сараптамадан өтеді. Содан кейін ғана құстардың неден қырылғаны белгілі болмақ. Бұдан бөлек Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының тұсындағы каналда балықтар жаппай қырылды. Бүгіннің өзінде 80 келідей шабақтың өлексесі жиналған. Жергілікті билік арнаға құятын судың көлемін арттыруды қарастырып жатыр.

Нұрлыбек Гайсин, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

Неге үлкейтіп жатырмыз көлемін, яғни бұл судың арқасында ағыс күшейеді. Ағыс күшейгенде балыққа оттегі пайда болады. Бұл балықтың бәрі табиғи ортасына Жайық өзеніне жіберіледі.

Соңғы 2 айда 49 миллион қарабалық шабақтары құтқарылған. Арнадағы су маржандарын құтқаруға инспекторларымен бірге ауыл жастары да атсалысуда.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу