Астанада жастар жасағы 10 га жерді қоқыстан тазартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жастар жасағы 10 га жерді қоқыстан тазартты

24.07.2024

«Сәтті сәрсенбі». Осындай атаумен бас қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін тазалық акциясы өтті. «Астананың шағын көк мүйісі» деген атпен танымал карьерге жақын жатқан жерлер қоқыстан тазартылды.

Мұнда бас қаланың 20 шақты мектебінен 100-ден аса оқушы келді. Қолына бір-бір қап ұстаған балалар сүйікті қаласын қоқыстан тазартумен қоса, азын-аулақ ақша да тауып жатқандарына риза.

Балым Байдүйсен, оқушы:

Біз №75 мектептен 6 адам болып келдік. «Жасыл ел» туралы мектептегі мұғалімдер айтып берді. Біз ата-аналар және мұғалімдерімізбен келісімшартқа отырғанбыз жалақы бар 65 000 теңге көлемінде.

Асылбек Әбдірашитов, «Жасыл ел» жобасы жетекшісінің орынбасары:

Күнделікті 4 сағаттан артық жұмыс істемейді. Біздің жобаға келген жастарымыз 3 сағат жұмыс істемейді. 1 сағат өздеріне арналған уақыт бар. Видеолар түсіру, ойын, спорт түрлерімен айналысуға өздеріне жеке уақыт бөліп отырамыз.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы іс-шараның мақсаты – елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы жастарды жұмыспен қамту әрі экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Атбегі Ахмет, оқушы:

Мына жерде пластикалық қоқыстар көп. Ағаштар, қағаздар көп. Шыны, бөтелке, қаңылтыр. Менің ойымша, осы жерге көкке келуі мүмкін, мысалы. Неге адамдар осы таза жерге тастап кетеді қоқыстарды? Адам өзі жақсы ұстаса, таза болады ғой. Еш жерде далаға тастамаса.

Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:

«Жасыл ел» жастары бүгін Астанадағы Байқоңыр ауданында орналасқан «Өндіріс» тұрғын алабының 10 гектар аумағын қоқыстан тазартты. «Сәтті сәрсенбі» тазалық акциясы ендігіде келесі аптада Нұра ауданындағы Кіші Талдыкөл маңында жалғасын табады.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу