«Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Мамандар бес учаскенің үшеуін биыл ашуды көздеп отыр. Бүгінде Қызылорда облысы аумағында күре жолдың жоғарғы қабатына асфальт жабындысы төселіп жатыр. Тілшіміз Әділбек Серікұлы Ұлытау облысына дейінгі аралықта атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Қызылордадан бастау алған жаңа асфальт жол бүгінде облыстың шекарасына дейін төселіп тұр. Қайта-жаңғыртудан өтіп жатқан жолдың жалпы ұзындығы 192 шақырымды құрайды. Мамандар соның 140 шақырымын жыл соңына дейін ел игілігіне беруді жоспарлап отыр.
Күре жолды бес мердігер компания салып жатыр. Ұлытау облысы аумағына жақын үш учаскіде автожолдың негізгі қабаты төселіп, құрылыстың соңғы кезеңі басталған. Маңызды жобаны мерзімінде аяқтау үшін жазғы маусымда жұмыс ауқымы едәуір ұлғая түскен. Жұмысшылар аптап ыстыққа қарамай тынымсыз еңбек етіп жатыр.
Ерсайын Мұзафар, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:
Бүгінгі күнге бірінші қабат асфальт одан 127 шақырым төселді. Екінші қабат асфальт жабынның төменгі қабаты дейміз одан осы күнге 95 шақырым төселіп тұр. Үшінші жоғары қабатының жұмыстарын бастадық.
Ал төртінші аумақта аймақ үшін тың дүние полимер қосылған асфальт жабындысы төселіп жатыр. Сарапшылар бұл жаңашылдық магистральдің сапасын арттыратынына сенімді. Асфальт 130-150 градусқа дейінгі жоғары температурада жайылып, басылады. Ал жолдың сапасын мамандар сол мезетте тексеріп, талапқа сай болуын жіті қадағалап отыр.
Асылбек Қапбазов, инженер:
Жезқазған тас жолы үш қабатты асфальттан тұрады. Ең соңғысы «полимер шма» жаңашылдықпен, бұрынғы жолға қарағанда төзімдірек. Жалпы біздің Қызылорда облысының ыстығына, салқынына төзімдірек. Зертханалық сынамалар алынып, оң нәтижесін берген соң осы биыл салып жатырмыз.
Әзірге, ойдым-ойдым ұзақ жолды еңсеру жүргізушілерге оңай болмай тұр. Осы аралықта қатынайтын көліктер айналма жолмен амалдап, күре жолдың пайдалануға берілгенін жұрт асыға күтіп жүр.
Асқар Айдархан, көлік жүргізушісі:
Жүрген сайын қарап өтеміз. Қызылорда жағында негізі жұмыс жасалып жатыр. Бәрі жақсы. Енді Жезқазған жағынан жол жасалса қатып кетер еді. Осы жолды негізі бүкіл халық күтіп отыр.
Күре жолды жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Дегенмен халық көптен күткен жобаның екінші кезеңі Ұлытау облысында жалғасады. Көршілес өңірде биыл күзде жол салуға әзірлік басталады.
Әділбек Серікұлы