Нью-Йорк пен Токиоға тікелей ұшатын жаңа рейстер ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йорк пен Токиоға тікелей ұшатын жаңа рейстер ашылады

29.07.2024

2026 жылы Қазақстаннан Нью-Йорк пен Токио қалаларына тікелей ұшатын жаңа рейстер ашылады. Қазір осы бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Авиация комитеті өкілдерінің айтуынша жылдан-жылға рейс қатары көбейе бермек. Биылдың өзінде Малайзия, Прага, Мысыр, Сеулді қосқанда 14 жаңа рейс ашылды. Осылайша қазақстандықтар әлемнің 33 еліне әуе кемесімен бару мүмкіндігіне ие. Ұшақтарды көбейту жұмыстарына да ден қойылған. Елімізде әуе кемесінің паркінде 98 ұшақ болса, жыл соңына дейін оның қатары 12 жаңа ұшақпен толығады. Бұл билет бағасының төмендеуіне және рейстердің кешікпей өз уақытында келуіне ықпалын тигізеді деп отыр мамандар.

Дархан Қатышев, ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

2025 жылдың соңына дейін жалпы 27 ұшақ келеді. 2025-2026 жылы әуе кемесінің паркін 120-125 ұшақ құрайды. 2026-2027 жылы жоспарда бар Токио және Нью-Йорк  қаласына жаңа рейс. Министрлік әуе компанияларымен бірге жұмыс атқарып жатыр. Соның нәтижесі бойынша Токио мен Нью-Йоркке 2026-2027 жылдары ашылуға үміттенеміз. 

Биыл өткен жылмен салыстырғанда ұшақ жолаушыларының саны 15 пайызға артқан. Жарты жылдың өзінде 14 млн рейс көкке көтеріліп, әуе бағытын 6 млн 800 мың адам пайдаланған. Елімізде 24 әуежай болса биыл оның қатары тағы толығады. Жыл соңына дейін Қызылорда мен Шымкент әуежайларының құрылысы аяқталады. Балқаш әуежайының ұшақ жолы жаңғыртылып, биыл іске қосылады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу