Өзен флотын дамыту үшін «Жол картасы» әзірленіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзен флотын дамыту үшін «Жол картасы» әзірленіп жатыр

30.07.2024

Өзен флоты өрге баспай тұр. Себебі елдегі порттардың инфрақұрылымынан бастап техникалық паркі түгелдей тозған. Соған қарамастан былтыр бюджетке су жолдары арқылы жүк тасымалдаудан 20 млрд теңге таза пайда түсіпті. Үкімет бұл саланы алдағы бес жылда қарқынды дамытуға басымдық бермек. Ол үшін арнайы «Жол картасы» әзірленіп жатыр. 

Ертіс – үш бірдей мемлекеттегі өңірлердің өзегін жібітіп отырған өзен. Кезінде кемелер ағысты бойлай ғана емес, қарсы жүзіп, сонау Қытайға дейін баратын. Қазір қайраңдап қалады. Ертістің ескі жолдағы табаны тазартылмағалы 30 жылдан асыпты.

Руслан Раздықов, «Павлодар өзен порты» АҚ өкілі:

Көктемде өзен арнасындағы судың молдығына сеніп, Қытайға кокос тасымалдаймыз деп меморандуға қол қойған едік. Бірақ халықаралық келісімшарттан бас тарттық. Ертіс суы төмен түсіп кетті. Баржалардың асты тіреліп, жүре алмайды. Бұрын өзеннің таяз жерлерін тазартып отыратын мемлекеттік бағдарлама болған. Бәрі қалды.

Ертістің бойымен қазір бір бағытта ғана жүк тасымалданады. Ресейге. Бірақ қиындық көп, -  дейді Виктор Поднебесов. Себебі бакен, яғни навигациялық қауіпті көрсетіп отыратын жүзбелі белгілер жанбайды. Баржалар тозған.

Виктор Поднебесов, Су көлігі кәсіпорнының басшысы:

Флот түгелдей тозды. Жөндеуге жарамайды. Жаңарту керек. Бірақ елімізде баржалар жасалмайды. Оны сүйрейтін кемелер де жоқ. Басқа жақтан әкелу өте қымбат. Су жолы арқылы жүк тасымалдау өте тиімді. Және Ертістің екі жағындағы екі мемлекеттен де біздің тауарларымызға сұраныс болып тұр. Осыны пайдалана алмай отырмыз.

Өткен жылы өзен флотын дамытуға Үкіметтен 64 млрд теңге қаржы бөлінді. Бірақ бұдан Павлодардағы кәсіпорындар бір тиын да алмаған.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер біз су транспорты саласын дамыту мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойласақ, алдымен инфрақұрылымын жақсартып, жөндеу базаларын дайындап беруіміз керек. Ал бұндағы ескі кемелердің жағдайы еш нормаға сай келмейді. Сондықтан өзен флотын дамытудың заңдылығын күшейту мәселесін жуық арада көтереміз.

Тағы бір мәселе – теңіз флотында жанар-жағармай мемлекет тарапынан субсидияланады. Ал өзен флотындағыларға бұндай жеңілдік жоқ. Осы сынды өзекті проблемалар Өзен флотын дамытуға арналған Жол картасында қарастырылмақ. Алдағы бес жылда порттан пайда табу үшін инфрақұрлымды жақсартып, кеме қатынасын дамытуға, көршілес едермен сауда-саттықты арттыруға да мән беріледі.

Жасұлан Керімбаев, ҚР Көлік министрлігі Темір жол және су көлігі комитетінің басқарма басшысы:

Сол жол картасының аясында жаңағы кемелерді жаңғырту, қосымша тасымалдаушыларға мемлекеттік көмек көрсету деген сияқты шаралар қабылданатын болады. Бүгінгі күні Қытаймен мен Ресей арасын қоса отырып трансшекаралық Ертіс өзенің дамыту біздің басты мақсатымыз болып тұрады.

Өзен флотында қазір 11 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жылына су жолдары арқылы 1 млн 500 мың тонна жүк тасымалданады. «Жол картасы» қабылданғаннан кейін тасымал көлемі 2,5 есеге артады.


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу