Қазақстандық 528 студент Өзбекстанда білім алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық 528 студент Өзбекстанда білім алып жатыр

31.07.2024

Өзбекстанның университеттерінде оқуға ынталы отандастарымыз көбейіп келеді. Соңғы 2 жылда көрші елге білім іздеп барған қазақтардың саны 2 есеге артқан. Қос ел арасында білім саласына қатысты 400-ден астам меморандум бар. Бұл жайлы жоғары білім министрлігінің өкілі айтты. Әсіресе, Ташкентке жақын маңдағы облыстардың түлектері сондағы оқу орындарына жиі түсетін болған.

Қызылордадағы Қорқыт ата университетінің студенттері өткен күзде бір семестр бойы Өзбекстанның беделді жоғарғы оқу орнында тәлім алды. Білікті ғалымдардың дәрісін тыңдаған Сыр бойының жастары келешекте Қазақстанның жер, кадастр және ирригация саласын жетілдіруге үлес қосары анық.

Гүлдана Сауранбек: 

Геоақпараттық жүйелерді енгізу арқылы жаңа технологияларды пайдаланып ГИС бағдарламасы бойынша білімімізді жетілдіруге келдік.  Толық мәлімет алдық онымен одан әрі жұмыс істеу үшін қажетті білімді үйретті.

Бұл - екі мемлекеттің оқу орындары арасындағы студент алмасу бағдарламасының жемісі. Жастар негізінен бакалавриат дәрежесін меңгереді. Ал соңғы уақытта Ташкенттегі оқу ордаларында оқып жүрген магистранттар қатары да артып келеді.

Мұхаммадазиз Хакимов, Жоғары білім министрлігінің бас маманы: 

Бүгінде 528 студент Өзбекстандағы жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. Биылғы жаңа оқу жылына да құжат жинап, емтихан тапсырып жүргендер баршылық. Біздегі университеттер жергілікті бағдарламадан бөлек британдық және американдық оқу бағдарламаларын ұсынады.

Ал Өзбекстанда тұратын қазақ жастарының еліміздегі жоғары оқу орындарына түсуін жеңілдету туралы бастаманы өткен жылы «Отандастар қоры» көтерген еді. Яғни қандастар үшін ұлттық бірыңғай тестілеудегі шекті балл деңгейін түсіру мүмкіндігін қарастыруды сұраған. Өзбек елінде 370-ке жуық қазақ мектебі бар. Сонда еңбек ететін ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқу курстарын ұйымдастыру жоспарланған.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу