Иранның рухани көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи Хамас басшысының Тегерандағы өлімінен кейін Израильге шабуыл жасауға бұйрық берген. Мұны америкалық The New York Times газеті хабарлады. Иран Израильді Исмаил Ханияны өлтірді деп айыптап, бұл әрекет қатаң жазаланатынын мәлімдеп отыр. Басылымның дерегіне сай Тегеран Тель-Авив пен Хайфа қалаларына жақын әскери нысандарды зымыран және дрондармен атқылауы мүмкін.
Израиль болса, Ханияның қазасына қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Хамас басшысы Тегерандағы резиденциясына жасалған шабуылдан кейін мерт болды. 62 жастағы Хания Иран жетекшілерімен кездесіп, жаңа Президент Масуд Пезешкианның ант беру рәсіміне қатысқан. Марқұм жұмада өзі тұрған Қатар астанасы Дохада жерленеді. Бұл оқиға өңірдегі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін деген қауіп бар.
Арай Төлегенқызы