Қазақстанға Конго Республикасының Президенті келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға Конго Республикасының Президенті келді

02.08.2024

Елімізге ресми сапармен Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо келді. Оны алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында қарсы алды. Қос мемлекет басшылары алдымен бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Мұнан соң Президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға ілтипат білдірді. Оның бұл сапарын тарихи маңызы зор деп бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің бұл алғашқы сапарыңыз екі ел байланыстарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Конго арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға мол әлеует бар деп есептеймін.

Дени Сассу-Нгессо, Конго Республикасының Президенті:

Еліміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында Астанаға келу – біз үшін зор мәртебе. Бұл сапар саясат, дипломатия және экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне, ал екі ел халықтарының достық қатынастарын жаңа деңгейге көтеретініне сенемін.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу