Тасқыннан үйсіз қалған Атбасардағы 375 отбасыға 15 тамызда жаңа баспана беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан үйсіз қалған Атбасардағы 375 отбасыға 15 тамызда жаңа баспана беріледі

02.08.2024

Арнасы бітеліп, түбі таяз тартқан Ақмола облысындағы Жабай өзені тереңдетіледі. Арнайы техника су айдынында қазу жұмысын бастады. Мамандар осы жобаның арқасында жылда келетін нөпір судың қарқынын бәсеңдетеміз деп отыр. Өйткені, өзен көктемде тасып, елдің есін шығарған еді. Қазір тасқыннан зардап шеккен Атбасар қаласында үйсіз қалған тұрғындар үшін жаңа 345 пәтер салынып жатыр. Өңір әкімі Марат Ахметжанов Атбасарға ат басын бұрып, жұмыс барысымен танысты.

Екі ай бұрын басталған жоба 70 пайызға орындалды. Қазір пәтерлерге инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп жатыр. Өңір әкімі мердігер компанияға шаруаны әлі де ширатуды тапсырды. Өйткені кейбір үйлерде тас қалау әлі аяқталмаған.

Әнуар Айтыбаев, құрылысшы:

Төртінші қабатын бітіріп, бесінші қабатты бастап жатырмыз. Міне, көріп тұрғаныңыздай бесінші қабаттың бұрышын, қабырғасын қалап жатырмыз. Сапасы бәрі жақсы. Халыққа деп салып жатырмыз. Өзіміз осы құрылыстың басынан бастап жүрміз. 

Облыста табиғи апат кезінде 1300-ге жуық үй-жай суға кетті. 6 ауданда төтенше жағдай жарияланып еді. Атбасардың өзінде 370-тен астам баспана бүлініп, тең жартысынан көбі жарамсыз болып қалды. Салынып жатқан жаңа пәтерлер тек тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға ғана емес, апатты үй иелеріне де беріледі.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Ең бастысы - біз келесі тасқындар болуы мүмкін. Соған дайын болуымыз керек. Сондықтан қауіпті жерден біздің бүкіл азаматтарды осында көшіріп жатырмыз. Меншік қағазын береміз. Сондықтан ол сол кісілердің жеке меншік үйлері болады.

40 жылдан бері тазалаусыз жатқан Жабай арнасының 9 шақырымы қазылады. Бұл – су тасқынын болдырмауға сеп болмақ. Жұмысын бастаған жер снаряды өзен түбін 9 метрге дейін тереңдетеді. Оған қоса арнасы кеңейтіліп, салынған бөгет қайта нығайтылады. Құрылғы 1 сағаттың өзінде 900 куб метр лайды жағаға шығарады. Тасталған топырақ кейін құрылысқа жұмсалады.

Иван Димов, серіктестік директоры

Міне гидробұрғы. Ол су түбіндегі топырақты қопарып, мына құбыр арқылы жағаға шығарады. Құрылғы тіпті тасты да үгітіп жібереді. Оның жұмысына қамыс пен ағаш та кедергі емес.

375 пәтер 15 тамызда ел игілігіне беріледі. Бұл өңір әкімінің уәдесі. Құрылысшылар қазір күшейтілген режимге көшіп, екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

Жандос Темірғали, Айдос Тұрғынов

Хабарламаларға жазылу