Жыл соңына дейін 302 жаңа мектеп пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл соңына дейін 302 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

06.08.2024

Ел аумағындағы 18 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының 30 пайызы ғана орындалған. Бұл Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарындағы білім ошақтарына қатысты. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі 19 мектептегі жөндеу жұмыстарының қарқыны көңіл көншітпейді. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов жаңа оқу жылына дейін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. 

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күн қалды. Десе де кей мектептер оқушыларды қабылдауға асығар емес. Ел бойынша 280 білім ошағында күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Оның 18-і берілген тапсырманың жартысын да орындамаған. Тасқыннан зардап шеккен 40 мектептің 19-ы жаңа оқу жылы жылына дайын болмай шықты.

Ғани Бейсенбаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Сонымен қатар министрлік жүргізген мониторинг шеңберінде 15 нысанды күрделі жөндеу мерзімдерінің бұзылуы тәуекелдері анықталып отыр. Бұл Қарағанды, Алматы, Солтүстік, ШҚО, Алматы қаласы. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде барлығы 40 нысан зардап шекті. Бүгінгі таңда 5 нысан қалпына келтірілді. 16 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде. 19 нысан бойынша тәуекелдер бар екенін айтқым келеді.

Жаңа оқу жылында елдегі 7900 мектепке 3 млн 900 мың оқушы барады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Биыл білім ошақтарының қатарына 302 жаңа мектеп қосылады деп жоспарланған. Нәтижесінде 3 ауысымды мектеп проблемасы түбегейлі шешіледі. 61 мектеп 1-қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда кей мектептер мерзімінен кешігіп жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Атап айтқанда жаңа оқу жылына дейін үлгермей қалу қаупі бар білім ошақтарының жетеуі Ақтөбе облысына тиесілі.Құрылыс жұмыстары негізсіз созылып кетті. Осы уақытта барлық күш жігерді біріктіріп, обьектілердің белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тамыз айында күрделі жұмыстарының барлығы аяқталуы тиіс.

Ал жаңа оқу жылы басталысымен балалардың қауіпсіздігі басты орында болуы тиіс. ІІМ биыл 2 655 нысанды тексерген. Оның 1 мыңнан астамында заң бұзушылық анықталып 340 басшы жауапкершілікке тартылды. Білім беру ұйымдарында бейнебақылаумен камералары болғанымен, олардың тең жартысы жедел басқару орталығына қосылмаған.

 Раушан Сайлауқызы, тілші:

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңір әкімдері білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен, турникеттермен, жедел басқару орталықтарына қосылған камералармен жабдықтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ Премьер-министр мемлекет қолдауына мұқтаж 500 мың баланың отбасына қаражаттың уақтылы аударылуын тапсырды. Биыл оларға мектеп формасы мен оқу құралдарын алу үшін 43000 теңгеден бөлінетіні белгілі.

 Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу