Ақмола облысында биыл 9 мектеп жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында биыл 9 мектеп жабылды

07.08.2024

Ақмола облысында биыл 9 мектеп жабылды. Себебі шалғайдағы елдімекендерде халық саны аз. Оқушылар жоқтың қасы. Жыл сайын өңірде орта есеппен 6 білім ошағының есігіне қара құлып салынады. Салдарынан мыңдаған оқушы көрші ауылдарға қатынап оқып, жүздеген бала интернатта білім алады. 

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Зеренді ауданына қарасты Бұлақ ауылындағы бұл мектеп биыл жабылды. Қазір оқу ордасы қаңырап бос тұр. Есігіне құлып ілінген. Сондықтан мұнда тұратын оқушылар келер жылы көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр.

Жалпы облыста 10 жылда жүзден астам білім ошағының есігіне қара құлып ілінсе, соңғы үш жылда 15 оқу ордасы жабылған. Бүгінгі күні 38 елдімекенде бастауыш мектеп қана жұмыс істеп тұр. Салдарынан биыл 4,5 мыңға жуық бала көрші ауылдарға қатынап оқыса, 200-ден астамы интернатта жатып білім алады.

Нұрдәулет Қадырбек, оқушы:

Төрт жыл болды. Тоғызыншы сынып оқып жатырмын. Таңертең алып кетеді. Түсте келеміз. 15 бала болып барамыз, 15 бала болып келеміз. Бес шақырым жерге барамыз.

Мектепсіз қалған ауылдарда орта есеппен 40-50 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Дегенмен мектеп жасындағы бала саны аз. Сондықтан мектепті жабудан басқа амал жоқ.

Марат Жақыпов, Қарлыкөл ауылының тұрғыны:

Осы мектеп биыл жабылды. Балалар жетпей тұр. Тым аз. Мұғалімдер балалардан көп. Класста бір-екі адам отырады. Қазір Еленовкаға апарамыз.

Бүгінгі күні облыста 522 білім ошағы бар. Оның 67 пайызы ықшамдалған. Яғни оқушы саны аз. Бастауыш мектепте кемінде 5, негізгі оқу ордасында 41 бала болуы шарт. Дегенмен қазір 122 білім ошағы бұл талапқа сай келмейді.

Ботагөз Дүйсенова, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл жауып тастаған күннің өзінде келесі ол жерде өсу динамикасы бар ма? Өсу динамикасы болса, ол мектептердің жұмыс істеуін қалдырамыз. Өте күрделі сұрақ. Сондықтан да оқушы қалмаған жағдайда динамикасына қарап, алдағы уақытта да оқушылардың өсуі болмаған жағдайда ол мектептер жабылады.

Ықшамдалған шағын мектептердің де болашағы бұлыңғыр. Алдағы жылдары олар да жабылуы мүмкін. Себебі шалғайдағы ауылдарда халық саны азаймаса, көбейер емес.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу