Қазақстан мен Өзбекстан 10 жылға арналған одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан 10 жылға арналған одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітті

08.08.2024

Қазақстан мен Өзбекстан алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітті. Мұндай келісімге Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол қойылды. Сондай-ақ екі ел сауда-экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Одан өзге де салаларға қатысты бірқатар келісімдер жасалды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс тәуелсіздік алған соң іле-шала 1992 жылы құрылған еді. Одан соң 1998 жылы екі ел мәңгілік достық туралы келісімге қол қойды. Ал бүгінгі өзбек Президентінің сапары екі ел арасындағы онсыз да бекем байланысты одан әрі тереңдете түсуге мүмкіндік береді. Президенттер қазір делегация мүшелерін бір біріне таныстырып жатыр. Одан соң маңызды мәселелерді талқылау үшін шағын құрамдағы кездесуге кіреді.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халқы Сіздің бүгінгі сапарыңызға үлкен мән беріп отырғанын атап өткім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар береді. Жалпы соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстар жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз.

Өзбекстан Президенті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының маңызына тоқталды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кездесуіміз екі халық арасындағы сан ғасырға жалғасқан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді.

Одан соң Президенттер қос елдің мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Онда екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін.

2023 жылы 4 млрд 400 млн доллардан асқан. Оның 1,7 млрд-ы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Біз Өзбек еліне негізінен бидай, ұн, күнбағыс майын, ет және өзге де азық-түлік түрлерін экспорттаймыз. Ал жеміс-жидек, көкөніс түрлерін керісінше бауырлас елден сатып алып отырмыз.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Соңғы 5 жылдың ішінде тауар айналымы негізінде 30 пайызға өсті. Өздеріңізге мәлім 5 млрд долларға жету керек. Үлкен мақсат. Сол мақсатқа жету үшін нақты қандай шаралар жасау керек 5 млрд-қа жеткізу үшін соған қол қойдық. Бірнеше үлкен тауар айналымын көтеретін жобалар бар.

Яғни мақсат айқын, жоспар бар. Тек білек сыбана кірісу керек. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпке басымдық берілмек. Одан бөлек өңделген тауардың тағы 40 түрі бойынша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Бұған дейін қолға алынған жобалар жақсы нәтиже де көрсете бастаған.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Мемлекет басшылары Хивада осы ағымдағы жылдың басында көктемде кездескенде нақты тапсырма қойған болатын. Яғни Қытайдан Өзбекстанға тасымалдайтын жүкті мүмкіндігінше ертерек жеткізу. Қазір осы тапсырма орындалды. Мысалы жүкті Қытайдан Өзбекстанға тасымалдау бір 10 күннен астам уақыт алатын. Тіпті 15-18 күнге дейін. Ал қазір Өзбекстан мен Қазақстанның арасындағы екі темір жолдың бірлескен жобасының нәтижесінде 5 күнде жүк тасымалданып жеткізіп жатыр.

Екі елдің бірлігі бекем, тату көрші әрі сенімді серіктес. Осындай деңгейдегі достыққа қол жеткізуге қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентін ең жоғарғы мемлекеттік награды Алтын қыран орденімен марапаттады.

Қазір әлемнің алпауыт елдері орталық Азия нарығына ерекше қызығушылық танытып отыр. Мұндай мүмкіндікті бірлесе пайдалана білсек жемісі мол болмақ.

Бауыржан Серікбаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Бүгінгі таңда Қазақстанда 1400-ге жуық Өзбекстан капиталының, бизнесінің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал Өзбексстанда 1100-ден астам Қазақстанның капиталымен, Қазақстанның инвестициясымен шағын және орта бизнес жұмыс істейді.

Осы ынтымақтастықты әрі қара тереңдете түсу үшін бүгін 15 түрлі келісімге қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар. Машина жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифрландыру сияқты салалардың әлеуеті мол.

Келіссөздер қорытындысы бойынша сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік, ауыл және су шаруашылығы, мәдениет салаларындағы байланыстарды одан әрі кеңейту жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Біз өңіраралық байланыстарды жандандыру жөнінде келістік. Қазіргі Аймақаралық ынтымақтастық форумын Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылымдау туралы бастама көтерілді. Таяу келешекте өзара тауар айналымын ұлғайтуды көздейтін Кешенді бағдарлама қабылданады. Екі елдің де әлеуеті зор.

Ақордадағы ресми шаралардан соң Президенттер Астанадағы Әлішер Науаи ескерткішін салтанатты түрде ашты. Қасым-Жомарт Тоқаев Әлішер Науаидың тарихта талантты мемлекет қайраткері, ғылым мен өнердің қолдаушысы ретінде қалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің зор абырой-беделін білім мен мәдениетті насихаттауға жұмсап, көптеген медреселер мен кітапханалардың салынуына ұйытқы болғанын айтты.

Дихан Қамзабек, филолог, әдебиет тарихшысы:

Біз қазақ әдебиетінің әлеммен байланысы, соның ішінде түркі дүниесімен байланысы деген сұрақ туған кезде біз әрқашан да Әлішер Науаиды алға шығарамыз. Бұл біздің де қазір аудармасы арқылы біздің де әдебиетімізді байытқан тұлға. Әлішер Науаи тілдің тазалығы туралы ойларымен біздің де біздің де тіліміздің тазалығы туралы бізге де ой тастаған тұлға.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Әлішер Науаи - тұтас түркі халқына ортақ ұлы ақын, ойшыл, қайраткер. Оның жеткізген әрбір ойы өзінен кейінгі тұлғаларға бағдар болған. Ал бүгін Астанада ашылып отырған ескерткіштің достық көшесі бойында орналасуы екі ел арасындағы достықтың әрі қарай да нығая түсетініне меңзейді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу