Орталық Азия елдерінің басшылары 8 құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдерінің басшылары 8 құжатқа қол қойды

09.08.2024

«Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз». Астанадағы Орталық Азия елдерінің басшылары бас қосқан консультативтік кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент ортақ Іскерлік кеңес құру туралы ұсынысты қолдады. Осылайша жиында Орталық Азия елдерінің басшылары 8 құжатқа қол қойды. 

Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары бүгін бас қалада бас қосты. Ақордада өткен жиынға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, және Түркіменстан президенттері қатысты. Бұл Орталық Азия көшбасшыларының алтыншы Консультативтік кездесуі.

Биылғы жиын екі бөліктен тұрды. Мемлекет басшылары алдымен оңаша кеңесіп, кейіннен кеңейтілген форматқа көшті. Алтыншы отырысты ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев құрылымның беделі артып, аясы кеңейіп жатқанын жеткізді. Дегенмен қазіргі күрделі геосаяси жағдайда босаңсуға болмайды. Президент мемлекеттер арасында саяси диалог пен өзара сенімді одан әрі нығайту маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды.
Тағы бір маңызды міндет – берік экономикалық база құру. Қазір мемлекеттер арасындағы алыс - беріс 11 миллиард доллардан асады. Енді оны 15 миллиард долларға жеткізу межесі тұр. Ол үшін өнеркәсіп хабтарын құрып, көлік-транзит әлеуетін арттыру қажет, - деді Президент. Қазақстан бұл бағытта теміржолды дамытуға ден қойған. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жаңғыртып, тағы 5 мың шақырым теміржол салынбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді.
Орталық Азия елдері арасындағы тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану. Қасым-Жомарт Тоқаев суды пайдалану құқығын өзара теңдей әрі әділ бөліп, оны бақылау үшін ғарыштық мониторинг технологияларын енгізуді ұсынды. Ал міндеттеменің мүлтіксіз орындалуы үшін жаңа су саясатын қалыптастыру қажет.

Лидерлер бүгін бірнеше құжатқа қол қойды. «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы мен 2027 жылға дейінгі ынтымақты дамытудың жол картасын бекітті. Осылайша жиын кеңейтілген құрамда жалғасты. Оған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі әрі Орталық Азия бойынша өңірлік орталықтың басшысы Каха Имнадзе қосылды.

Орталық Азия елдері мен БҰҰ-ның ұстанымдары ортақ болуы тиіс. Президент жиында мұны да кесіп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдау жөнінде бастама көтеруді ұсынамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілі, құрметті Каха Имнадзе мырзаның осы саммитке қатысуы игі дәстүрге айналып, «Орталық Азия – БҰҰ» бағытындағы тығыз ықпалдастыққа жол ашады деп үміттенемін.
Ал Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндеті енді Өзбекстан еліне өтеді. Шавкат Мирзиеев өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарық көрген мақаласына қатысты алғысын білдірді.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, зор қошаметпен қарсы алып, саммитті жоғары деңгейде өткізіп жатқаныңызға алғыс білдіремін. Ортақ мүддені негізге ала отырып, аймақтық ынтымақтастың одан әрі нығаюы бағытында сіздің барынша белсенділік танытуыңызды атап өткім келеді. «Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында» мақаласында сіз бірлесіп атқарған жұмыстарға терең сараптама жасап, аймақтық дамудың жаңа перспективаларын атап өттіңіз.
Бүгінде елімізде Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алады. Қазірдің өзінде Қазақстанда шетелдік оқу орындарының филиалдары жүйелі түрде ашылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Кавказ елдерінің жастарын халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды білім алуға шақырды. Ал Орталық Азия халықтарының достығы мен ынтымағын ортақ тарихи фильмдер түсіру арқылы дәріптеу маңызды дейді. Жалпы кездесу соңында Президент Қазақстанның стратегиялық бағдары өзгермейтінін айтты. Ал бүгін қабылданған шешімдер мен тиімді жүзеге асырылуы көпжақты серіктестігімізді одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу