Ақмолада тасқыннан зардап шеккендер жыл соңына дейін жаңа үйлеріне қоныстанады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмолада тасқыннан зардап шеккендер жыл соңына дейін жаңа үйлеріне қоныстанады

10.08.2024

Тасқын судан зардап шеккен ақмолалықтар жаңа үйлеріне жыл соңына дейін қоныстанады. Бүгінгі күні шалғайдағы елдімекендерде 331 тұрғын үй салынып жатыр. Небәрі бірнеше айда бой көтерген баспаналардың құрылысы аяқталуға жақын. Ал күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген құрылысшылар ел алғысына бөленуде. 

Ешмұхамбет Қапабаев, құрылысшы:

Ауа-райына қарамай, мына үйлерді тезірек бітіру үшін екі ауысымен жұмыс істеп жатырмыз. Ақ жауын жауып тұр. Күні-түні жауып жатыр. Осында жүргенімізге 4-5 ай болды..

Құрылысшылар күндіз-түні тыным таппайды. Екі ауысыммен жұмыс істейді. Көбі отбасынан жырақта еңбек етеді. Басты мақсат- қойылған міндетті абыроймен атқару.

Дәулет Жакин, құрылысшы:

Фундаментінен бастадық қой осы үйлерді. Таңертең алты жарымда келеміз. Кешкі сағат тоғызға дейін жұмыс істейміз осы жерде. Жанталасып істеп жатырмыз. Үйді сағынамыз. Бала-шаға бар. Күнде хабарласамыз.

Іргетасы бірер ай бұрын ғана қаланған бұл үйлер жақында ел игілігіне беріледі. Бірер күнде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, аула абаттандырылады. Құрылысшылардың бұл еңбегі елеусіз қалмақ емес.

Сайран Түлібаев, ауыл тұрғыны:

Осында жұмыс істеп жатқан құрылысшыларға ризамын. Келіп тұрамын. Таңертең, кешке бір қарап кетемін. Бәрі әп-әдемі, шапшаң істейді екен.

Құрылысшыларға артылған міндет көп. Ауыр жұмыс мол жауапкершілікті талап етеді. Шапшаңдық пен сабырлық та қажет. Ел алғысын арқалаған жандар қарапайым халықтың артқан сенімін ақтау үшін мүдірмей еңбек етуге дайынбыз дейді.


Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу