Шымкентте жыл соңына дейін 11 мектеп тапсырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жыл соңына дейін 11 мектеп тапсырылады

15.08.2024

Биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында 11 мектеп тапсырылады. Ал 2028 жылға дейін 50 340 орынға арналған 63 білім ошағы бой көтермек. 

Бүгін мегаполистің үздік оқушылары цифрлық платформалар арқылы жасанды интеллект, виртуалды шындық сияқты тың тақырыптар бойынша жаңалықтарды жұрт назарына ұсынды.

Бұл жобалар тек көрмеде көрсетіліп қана қоймай, білім саласында нақты іске аспақ. Шаһар билігі салаға цифрлық технологиялар енгізіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану үшін ереше жағдай жасалатынын айтты.

Ғабит Сыздықбеков,  қала әкімі:
Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, яғни балабақшаға кезекке қою, оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау, педагогтардың платформалары, аттестациясы, сонымен қатар цифрлық білім беру платформалары, ақпараттық электрондық журналы және «Қауіпсіз мектеп» автоматтандырылған жүйесі жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ балалардың құқын қорғау мен психологиялық көмек көрсету және қосымша және инклюзивті білім берудегі цифрландыру жайы талқыланды. Сандық үлгіге көшу әсіресе шалғайдағы ауыл балаларының білімін арттыруға мүмкіндік бермек. Жаңа оқу жылында Шымкентте 982 мектепте 400 мыңнан астам оқушы білім алады. 30 мыңнан астам ұстаздың 8 мыңы біліктілігін арттырған.

Ержан Есіркепов, техникалық лицей директоры:
Мемлекет тарапынан тапсырылып, бізге осы дипломды бергені, ол бізге сенім артқаны. Сондықтан алға дамушылыққа күшті мотивация болды деп санаймын.
Биыл білім беру саласына 22 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алдағы бес жылда шаһарда 63 мектеп салынады.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу