Алтынбек Қоразбаев: Қазақ бар кезде Шәмшінің әндері мәңгілікке қалары сөзсіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтынбек Қоразбаев: Қазақ бар кезде Шәмшінің әндері мәңгілікке қалары сөзсіз

15.08.2024

Бүгін – қазақ халқының музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 94 жыл. «Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі сазгер 1930 жылы дүниеге келген. Ол – «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Сыған серенадасы», «Өмір өзен», «Кешікпей келем деп ең» сияқты 300-ден аса әннің авторы.

Араға жарты ғасыр салып «Менің Қазақстаным» Қазақстанның Әнұранына айналды. Шәмшінің әндері ел арасында кеңінен танымал. Халық әндерін жатқа айтып, жадында сақтаған.

Жыл сайын композитор туындыларынан түрлі кештер, фестивальдар өткізіліп тұрады. Себебі Шәмші әндері ескірмейтін халық әндерімен пара-пар, халықтық әуенге айналған құндылығымен ерекше.

Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның Халық әртісі:
Шәмші ағаның әндері қазақ елі үшін мәңгілік болып қала бермек, өзінің жан дүниесінен шыққан. Қазақ бар кезде Шәмшінің әндері мәңгілікке қалары сөзсіз.
Шәмші Қалдаяқов әндерінің тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – композитор шығармаларының басты тақырыбы. Бұл туындылар ешқашан өзектілігін жоғалтпайды, - дейді көзін көргендер.

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның Халық әртісі:
«Сіздер жастарсыздар, сіздер менің әндерімді осылай жалғастырыңыздар. Сіздерден кейін де жастар орындаса арманым жоқ», - деп айтқаны есімде. Сол кісінің арманы орындалды. Қазір жас та, кәрі де, кішкентай балалар да, қазақы өскен балалар, өзінің тілін білетін, өзінің әнін құрметтейтін отбасындағы балалар Шәмші Қалдаяқовтың кім екенін біледі. 

Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығына лайық деп танылса, 1991 жылы оған Қазақстанның Халық әртісі құрметті атағы берілді. Ал 2015 жылы Қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айырықша еңбегі үшін жоғары дәрежелі Қазақстанның Еңбек Ері атағы тағайындалды. Шәмшінің көзі тірісінде өзі атақ-даңқ қуып, есік тоздырмаған. Оның есімі мәнді әндерімен жыл сайын жаңғыра берері сөзсіз.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу