Shymkent Hub өңірлік технопаркі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Shymkent Hub өңірлік технопаркі ашылды

17.08.2024

Shymkent Hub өңірлік технопаркі өз жұмысын бастады. Бұл бірігей кешен оңтүстіктегі ғана емес, тұтас еліміздегі IT саласын ілгерлетуге мүмкіндік беретін StartUp жобалардың ұйытқысы болмақ. Өңірге арнайы барған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев аймақтағы цифрлық технологияларды дамытуға ықпал ететін негізгі нысандарды да аралап көрді.

Жаңадан ашылған Shymkent Hub – еліміздегі 15-ші өңірлік кешен. Оның негізгі мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілету, StartUp мәдениетін қалыптастыру, IT-саласы мен цифрлық білім беруді дамыту.

Тимур Қозыкеев, «Shymkent Hub» өңірлік технопаркінің менеджері:
Қазіргі таңда жиырмадан астам резидент IT саласында тегін орында отыр. Яғни wi-fi-дан бастап, отыратын жеріне дейін Astana Hub қамтамасыз етеді. Әр StartUp немесе ІТ компания, резидент келіп, өзінің жұмысын жүргізе алады.

Өңірлік хабтың ашылуы аясында Tolem, Alaqan, Digital cargo мен iUtest сияқты еліміздің ірі IT StartUp көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар TechOrda бағдарламасы шеңберінде IT-компаниялар, робототехника мектебі мен жеке IT-мектептер және Шымкент қаласындағы инновациялық жобалардың жұмысы көрермен назарына ұсынылды.

  Жасұлан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Shymkent Hub-тың ашылуы – тек Шымкент қаласындағы маңызды оқиға емес, Қазақстанның IT-саласын дамытудағы айтулы кезең. Осы жылдың соңына дейін бұл тәжірибені еліміздің барлық аймағында іске асыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтар инновация катализаторына айналып, жас таланттар жарқын идеяларын жүзеге асыру үшін ең үздік тәжірибелер мен ресурстарға қол жеткізе алады. Бұл бастама өңірлердегі талантты мамандарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Shymkent Hub қабырғасында Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламалары жүзеге асырылады. Мұнда IT-қауымдастықтың қалыптасуына ықпал ететін игі шаралар өтеді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу