Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің 240 дерегі тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің 240 дерегі тіркелген

17.08.2024

2024 жылдың алғашқы 6 айында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің 240 дерегі тіркеліп, 94 адам жауапқа тартылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің мәліметінше, 20 мыңнан аса адам көші-қон заңнамасын бұзған. Жалпы сомасы 7 млрд теңгеден аса валютаны шетел асырудың 780 дерегі анықталған. Мұның барлығы қалтқысыз еңбек етіп жүрген шекарашылардың еңбегі. Бүгінде шекарамызда 100-ден аса өткізу пункті жұмыс істейді. Оның ішінде авиациялық, теңіз, өзен, теміржол, автомобиль сияқты түрлері бар. Күн сайын 10 мыңға жуық сарбаз жауынгерлік кезекшілікке шығады.

Әлібек Қаюпов, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы:
 Көршілес елдерді айтпағанда, Пәкістан, Ауғанстан, Бангладеш республикаларының азаматтары мемлекеттік шекараны жиі бұзады. Олардың мақсаты – Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне шығу. Мәселен қазір қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кескен 8 пәкістандық азаматқа қатысты тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр. Шекара аймағына келу тәртібін бұзған 250-ден аса шетелдік әкімшілік жазаға тартылды.

18 тамыз – Шекара қызметінің құрылғанына 32 жыл. Осыған орай Алматы облысының Кеген ауданында шекара бекеті ашылды. Онда шекара шебінде жүрген қызметкерлердің уақытша тұруына барлық жағдай жасалған. Орталықта арнайы қару сақтайтын және ас дайындайтын орын бар. Әр модульдік кешенге аудандық бюджеттен 8 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алдағы уақытта барлық шекара бөлімшесінің аумағына дәл осындай кешеннің сегізі қойылмақ.


Хабарламаларға жазылу