Брюссельде көздің жауын алатын жауһар кілем жайылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде көздің жауын алатын жауһар кілем жайылды

17.08.2024

Жазғы демалысты пайдаланып ел аралайтын жиһанкездердің көбі Бельгия астанасы Брюссельге жиналып жатыр. Қаланың басты алаңындағы гүлден төселген кілемді көру үшін. Екі жылда бір рет жайылатын кілемнің биылғы ою-өрнегі мен мазмұны да ерекше.

Брюссельдің басты алаңына кілем жылда бегониядан төселетін. Биыл «аптап ыстық пен нөсерлі жауынға шыдас береді» деп ұйымдастырушылар ірі жапырақты нарғызгүлді пайдаланған. Ұзындығы-77, ені-24 метр болатын алып кілемді төсеу үшін 130 ерікті жұмылдырылған.

Ришард Понсин, «Flower carpet» фестивалінің әкімшісі:
Бұрын кілемнің суреті бір мемлекетке, аймаққа немесе мерейтойға арналып салынатын. Бұл жолы бельгиялық суретшінің ғимараттардың сыртына салатын суреті ұнап, соны кілемнің бетіне түсірдік. Жаңа стиль, жаңашылдық болсын дедік.

2 мың шаршы метр жерге кілем төсеуге 500 мың нарғызгүл жұмсалған. Көркі алыстан-ақ көздің жауын алады.

 Нұрсұлу Қасым, тілші:
Хош иісті жасыл желекті көруге келгендерде есеп жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін көркем туындыға тамсанып жүр. 8 еуро төлеп, сұлулықты жоғарыдан, қалалық әкімдіктің мына балконынан да тамашалауға болады.

Гүлдер ыстықтан солып, басылып қалмас үшін флористер жиі суарып отыр.

Сурадж Пантия, турист:
Мен Бельгияға осы кілемді көру үшін Үндістаннан арнайы келдім. Түрлі түсті гүлдер, сондай әдемі. Кәдімгі кілемді жайып тастағандай.
  Флория Траска, турист:
Мен де осы сұлулықты көруге Румыниядан келдім. Биыл жаңа заман стилінде жасалыпты. Бұл асқан төзімділікті, ерен еңбекті талап ететін жұмыс қой. Осы ғажайыпты көрген мен бақыттымын.

Нарғызгүлден жасалған бельгиялық кілемді көпшілік тек төрт күн ғана тамашалайды. Онан соң, суреті ашықхаттар мен күнтізбелерге басылып, алдағы екі жылда Брюссельдің басты символы болады.

Нүрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу