Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне биыл 28 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне биыл 28 жыл

19.08.2024

Қорғаныс министрлігі Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне биыл 28 жыл. Айтулы датаға орай әскерилер сап түзеп, салтанатты шеруге шықты. Оған теңізшілерден бөлек шекарашылар мен десантшылар да қатысты.

Әскери-теңіз күштерінің туы 1996 жылы 17 тамызда Ақтаудағы 4 шағын ауданда көтерілген. Ал күштік құрылымның өзі 1993 жылдың 2 сәуірінде құрылды. Теңізшілер үшін бұл екі күннің маңызы зор болғандықтан, жыл сайын атап өту дәстүрге айналған. Биылғы шеруге теңіз жаяу әскерлері бригадасының, авиациялық базаның, теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальонының және шекара қызметі бірінші дивизионының жеке құрамы қатысты.

Серік Борамбаев, ҚР ҚМ Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор:

Әскери-теңіз күштері құрылғанда, ештеңе болған жоқ ол кезде. Қазір үлкен деңгейге жетіп жатыр. Өздігінен ештеңе болған жоқ. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, артымызда Оралдағы «Зенит» зауытында жасалған кемелеріміз бар. Екіншіден, өзіміздің орталығымыз бар, өзіміздің құрамамыз бар.

Қазір Әскери теңіз күштерінің пирсында 12 кеме-катері бар. Заманауи жасалған кеменің бәрі Қазақстанда жасалған. 2026 жылы Каспий айдынында тұңғыш қазақстандық көпфункционалды кеме пайда болмақ.

Жұмабек Хасенов, ҚР ҚМ Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары:

4-5 зымырандық корабльдер. Қалғандары гидрологиялық және қазіргі заманға сай броньделген диверсияға қарсы және десантты жағаға түсіре алатындай үлкен катерлер. Бәрі отандық өнім. Келесі жылдары тағы 2 кеме аламыз. Жақында ғана осы жерде біздің әскери-теңіз күштеріміз «Бірлестік 2024» үлкен оқу-жаттығуын өткізді.

Асылбек Данияр, тілші:

Теңізге бірінші болып шыққан әрбір адам, одан бөлек қатарға қосылған жас сарбаз осы дәстүрден өтуі керек екен. Қазір мен де соны байқап көремін. Каспий теңізінің суын ішіп, «Теңізші» деген атаққа мен де ие боламын.

Ерасыл Мағзұмов, «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі:

Кеменің құдай сақтасын, жауынгерлік зақым алған жағдайда бұл теңіз суын қайтадан ішпеу үшін және кеменің төзімділігі үшін, соңына дейін күресу үшін «Теңізші» болу салт-жорасы өткізіледі.

Әскери-теңіз күштерінің негізгі міндеті: мемлекеттік шекараны қорғау, Ақтау, Баутино, Құрық порттары сияқты стратегиялық объектілерді, жасанды аралдарды, Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы құбырлары мен кен орындарын қорғау. Бұл борышты орындауда – сүңгуірлердің де рөлі зор. Еліміздегі жалғыз сүңгуірлерді дайындайтын орталық Ақтауда орналасқан. 2022 жылы ашылған кешен жылына 10-15 маманды дайындап шығарады. Оқу уақыты 2-3 жыл.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу