Өскемен қаласындағы жолдардың сапасы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемен қаласындағы жолдардың сапасы сын көтермейді

21.08.2024

Өскемен қаласында осы жазда жөнделген жолдың сапасын құзырлы органдар тексеріп жатыр. Нәтижесінде материалдың сапасы мен оны қолдануға байланысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Жұмысты немқұрай істеген мердігерлерге кемшілікті жоюға арнайы уақыт берілді.

Ұлттық сапа орталығының инженерлері жөнделіп жатқан жолдарға биыл 67 рет барып, 132 сынама алған. Нәтижесінде қолданылған материалдың сапасы мен асфальт төсеудегі нормативтердің сәйкес келмеуі сияқты бірқатар кемшіліктерді анықтады.

Саяхат Мүсәпіров, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының бөлім басшысы:

Алынған сынаманың бүгінгі таңда 20 сынамасы нормаға сай емес екені анықталды. Кемшіліктер жаңағы қалыңдық жетіспеу. Жоба барысында техникалық қадағалаудың болмауы. Бұл енді уақытынан бұрын, мерзімінен бұрын тозуына әкеп соғады ғой, әрине.

Жол мерзімінен бұрын тозса, мердігер мекеме өз қаржысына қайта жөндеуге міндетті. Бірақ жұмыс бірден сапалы істелуі үшін құзырлы органдар әр көшедегі жұмысты қадағалап, сапасыз болса ескертіп отырады.

Шыңғыс Жақыпбаев, Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы Департаменті басқарма басшысының орынбасары:

Төселген асфальттың су сіңіргіштігінің дұрыс болмауы. Көрсетілген актілерге сәйкес емес. Бұл жағдай асфальттың тез ыдырауына әкеп соқтырады. Сол бойынша ұсыным берілілді. Сол берілген ұсыным бұдан әрі де қадағаланады және тағы да шығып тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жол көлеміне бөлінген қаражат үлкен сомада. Сондықтан анализдің арқасында бөлінген әр қаражаттың нақты жұмсалғанын бақылау болып саналады.

Бақылау болмаса кейбір мердігер жұмысты атүсті атқаратыны тексеріс барысында анықталды. Биыл Өскемен қаласында 38 көшенің жолы жөнделіп жатыр. Оған бюждеттен 3 миллиардтан астам теңге бөлінді.

Ержан Ибраев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Әрбір жолды жөндеудің өзіндік ережесі бар. Арнайы комиссия қарайды. Оған қоса тұрғындардың өтініш-тілегін де қараймыз. Сол бойынша кестеге енгізіледі. Сапасын құзырлы органдармен бірге бірнеше зертхана тексереді. Тек сол мекемелердің оң бағасын алған соң ғана қабылдап аламыз.

Әрбір мердігерге жұмыстың көлеміне қарай уақыт берілген. Көлік нөпірі көп негізгі көшелерге асфальт төсеу қазан айына дейін аяқталуы тиіс. Дегенмен кейбір ірі даңғылдарда жұмыс енді басталды. Ал жолдың ескі жабындысы мен жиектастары қопарылып, әлі астаң-кестеңі шығып жатыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу