Қазақстан мен Тәжікстанның бірлескен кәсіпорындары ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Тәжікстанның бірлескен кәсіпорындары ашылады

23.08.2024

Қазақстан мен Тәжікстан ауыл шаруашылығы саласында бірлескен кәсіпорындар ашады. Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік еліне мемлекеттік сапары кезінде қос елдің министрліктеріне осындай тапсырма берген еді. Бүгін келіссөздер басталып, жоспар құрылып жатыр. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып жеткізеді.

Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін бірер сәттен кейін Тәжікстан президенті қазақ басшысына таныстырады. Мәртебелі меймандарды қарсы алуға дайындық қызу. Жемістің әр түйірінің, әр өнімнің өз орны бар.

Мына оюлы экспозиция да жемістер мен жаңғақтардан жасалған. Жергілікті диқандар, негізгі нарық саналатын елдің басшысына ізеті мен сыйластығын осылай көрсетпек.

Махмадёрзода Усмон Маъмур, Тәжік ауыл шаруашылығы университетінің ректоры:

Мұны біздің студенттеріміз жасады. Әуелі компьютермен моделі бейнеленіп, кейін жемістермен безендірілген. Мысалы мынау кептірілген өрік, ал мынау оның өңделген тұқымы. Хуш омадет, яғни қош келдіңіз деп қазақ тілінде де жаздық.

Мұнда Памир тауларының баурайында өсетін барлық жеміс-жидек қойылған. Қазақ басшысына бұл көрмені аралатып, көрсетулері де тегін емес. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Тәжік елі жылына 200 мың тоннадан астам жеміс-жидек пен көкөніс экспорттайды. Негізгі тұтынушылары Қазақстан. Яғни олардың 70 пайыз өнімін біз сатып алып отырмыз. Керісінше бізден олар өздерінде жоқ дәнді дақылдарды импорттайды. Мәселен мына көрмеге қойылған нан Қазақстанда өскен бидайдан жасалған.

Қазақстан тарапынан жеміс-жидекке деген сұраныс жоғары. Сондықтан ресми экспорттан бөлек, түрлі жәрмеңкелер арқылы сатуды бастадық, - дейді жергілікті мамандар.

Курбон Хакимзода, Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі:

Өткен жылы біз Астана, Алматы, Шымкент қалаларында үлкен жәрмеңкелер ұйымдастырдық. Ал биыл әзірге Астана қаласында ғана болдық. Бұл ресми экспортталып жатқан дақылдардан бөлек шара. Халықтың сұранысы өте жоғары. Біздің диқандардың да барған еңбегі ақталды.

Ендігі жоспар қазақ жеріне майлы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, сол жерде өңдеу. Сосын Тәжікстанға дайын өнім ретінде экспортталады. Қазір үкімет деңгейіндегі келісімдер бар. Енді кәсіпкерлердің іске кірісетін кезегі келді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу