Үкімет басшысы Ұлытау облысының өндірістік әлеуетімен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Ұлытау облысының өндірістік әлеуетімен танысты

23.08.2024

Бүгін Үкімет басшысы Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің өндірістік әлеуетімен танысты. Жаңадан құрылған аймақтың өнеркәсіптік көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғарлаған дейді жауаптылар. Осылайша бұл аймақ ел бойынша 4-орында тұр. Олжас Бектенов қарқынды төмендетпеуді тапсырып, одан әрі өсу үшін қолда бар резервтерге назар аудару қажеттігін айтты.

Үкімет басшысы алдымен Жыланды кенішінде болып, сала қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, Президент атынан мемлекеттік марапаттарды табыстады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Кеншілердің қажырлы еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Өйткені олар жұмыстың ауырлығына, қауіптілігіне қарамай ел экономикасын өркендетуге үлес қосып, отанымыздың игілігіне қызмет етіп келеді.
Үкімет басшысы өңдеу өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз ету көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізу және экспортты дамыту арқылы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек деді.
Нұрболат Байсадықов, «Жыланды» кенішінің директоры:
Биылғы жылдық жоспар – 2,5 млн тонна кен, келесі жылы 2,7 млн тонна көлеміне жетеді. Мұнда қызметкерлердің техникалық қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда «Жыланды» кенішінде 900-ге жуық кенші жұмыс істеуде.
Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл. Премьер-министр «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне де барды. Кешеннің инфрақұрылымын одан әрі дамыту және туристік әлеуетін жақсарту үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігін айтты.

Олжас Бектенов өңірдің жылыту маусымына дайындығын тексеріп, коммуналдық-энергетикалық секторы нысандарындағы инфрақұрылымды жаңғырту қарқынымен танысты. 70 мыңға жуық тұрғыны бар Сәтбаев қаласы үшін жылу және ыстық су көзі болып саналатын стансаларды аралады. Жауаптыларға алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Евгений Кравчук, «Kazakhmys Distribution» бас директоры:
Қазір №2 және №3 стансалық қазандықтарда күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмыстар шамамен 70%-ға орындалды. №1 және №4 қазандықтарда ағымдағы кеңейтілген жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екі газ құбырында күрделі жөндеу және екі газ құбырында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Одан әрі Үкімет басшысы облыстың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту барысын тексеріп, тұрғын үйлер мен коммуналдық желілерлі салу, сондай-ақ алдағы оқу жылына білім беру нысандарының дайындығын көрді.
Еркеш Қабдышев, мердігер компания өкілі:
Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған 200 орындық жатақхана құрылысы 2023 жылы басталды. Биыл тамыз айында ішкі, сыртқы жұмыстар толық аяқталды.
Үкімет басшысы Ұлытау облысының тау-кен металлургия кешенінің қызметімен де танысып, Жезқазған байыту фабрикасы мен тәжірибелік гидрометаллургия зауытына да барды. Жезқазғанның Бас жоспарын іске асыру аясында Үкімет магистральдық жылу, су құбыры және кәріз желілерін салуға 4.8 млрд теңге бөлгенін, енді 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу