Жаңа бюджет кодексінің жобасы жыл соңына дейін қабылданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа бюджет кодексінің жобасы жыл соңына дейін қабылданады

03.09.2024

Елімізде жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Бүгін мұнда президенттің жолдауда берген тапсырмаларын орындау жайы талқыланды. Министрдің сөзінше жаңа кодекс бюджет саясатының тиімділігін арттырып, инвестициялық тартымдылықты жақсартуға және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономиканы, соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін металлургия, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, машина жасау, химия салаларындағы 17 ауқымды жобаның тізбесі бекітілді. Агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту үшін де арзан несие берілмек.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-минстрінің орынбасары:

Инвестициялық жобаларға жеңілдікпен кредит беру көлемін 800 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Мемлекет басшысы атап өткендей, фермерлерге сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудан жеңілдетілген кредит беруге біртіндеп көшу маңызды міндет болып табылады.Ол үшін нақты іс-шаралар мен мерзімдері бар «Жол картасы» бекітілді.

Әлеуметтік салада да атқарылар іс көп. Президент ел азаматтарын қолдаудың тиімділігін арттыруды тапсырған еді. Сол үшін әлеуметтік әмиянды енгізу көзделген. Онда әр отбасыға әлеуметтік мәртебесіне қарай ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдау түрлері болады. Бұл көмектің шын мұқтаждарға ғана берілуіне мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек осы жылдың соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру аяқталады. Ал келер жылдың соңына дейін бірыңғай Ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланған. Білім саласындағы мәселелер де біртіндеп шешімін таппақ. Алдағы үш жылда 1300 мектепті күрделі жөндеу жұмыстарының жоспары 1-желтоқсанға дейін қабылданады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-минстрінің орынбасары:

Мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін балаларды тәрбиелеу, оқыту және тамақтандыруға бөлінетін қаражат көлемі мобильді қосымшада немесе ата-аналардың Әлеуметтік әмиянында қызметті нақты алу фактісіне қарай көрсетіліп отыратын болады.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу