Париж Олимпиадасының жүлдегерлері тегін грантқа ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж Олимпиадасының жүлдегерлері тегін грантқа ие болды

04.09.2024

Париж Олимпиадасының жүлдегерлері оқу грантына ие болды. Грек-рим күресінен күміс алған Демеу Жадыраев Қазақ спорт және туризм академиясының докторантурасында тегін білім ала алады. Спорттық гимнастикадан күміс жүлдеге қол жеткізген Нариман Құрбановқа академияның магистратурасында тегін білім алуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ қола жүлдеге ие болған дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев та осы жоғары оқу орнында магистратурада тегін білім ала алады. Парижде дәл қазір Паралимпиада ойындары жалғасып жатыр.

Қазақстандық пара атлеттер бүгін төрт спорт түрінен бақ сынайды. Пара жүзуші Зүлфия Ғабидуллина 50 метрді шалқалап бағындырса, пара пауэрлифтинг шебері Тұрсынай Қабыл финалда өнер көрсетеді. Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері 45 келіге дейінгі әйелдер арасында сынға түседі. Токио Паралимпиадасының жеңімпазы, зілтемірші Давид Дегтярёв те шешуші кезеңде сайысады. Пара жеңіл атлет Дастан Мұқашбеков ядро лақтыру бойынша финалда бақ сынайды. Сондай-ақ волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама Бразилияға қарсы ойында 5-орынға таласады.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу