Таразда мектеп оқушысы қалқымалы күн электр станциясын ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда мектеп оқушысы қалқымалы күн электр станциясын ойлап тапты

04.09.2024

Таразда мектеп оқушысы еліміздегі алғашқы қалқымалы күн электр стансасын ойлап тапты. Қанат Тәжіханның су бетінде қалқып жүретін қондырғысы кәдімгі күн электр станциясына қарағанда энергияны 15% артық өндіреді. 12 сыныпта оқитын оқушының жаңа жобаны жасаудағы мақсаты да үлкен. Ол Жамбылдың шекараға жақын шеткері ауылдарын қырғыз елінің қуат көзіне тәуелді болудан арылтқысы келеді.

«Назарбаев зияткерлік мектебінде» оқитын Қанат Тәжіхан жасыл энергия көзін өндіретін тың жобаны жасауға 5 жылын арнаған. Су бетіндегі стансаның тиімділігі сол трекер арқылы өзін өзі тазалап тұратын бағдарламалық жүйесі бар. Қуаттылығы 6,5 киловатт. Ал артықшылығы жерге орнатылған күн панельдеріне қарағанда энергияны артық алады.

Қанат Тәжіхан, өнертапқыш:

Су күннің бетін шағылыстыру арқылы 15% көбірек энергия өндіреді. Күн трекерін жасадық. Себебі судың бетіне орналастырылғандықтан күн әрқашан да өзінің траекториясын ауыстырғандықтан біз өте эффективный күн трекерін жасадық. Әлем бойынша осы үш технологияны қосып ешкім жасамады.

17 жастағы оқушының тың жобасы жуырда Алматы облысындағы Түрген ауылында тұңғыш рет тәжірибеден өтті. Қанат енді қалқымалы қондырғысын елдегі су қоймаларында көбейтуді көздеп отыр. Инвесторлар қолдаса, көрші елдерден мүлде электр энергиясын алмайтындай станция салуға болады дейді. Жетекшісінің айтуынша, ол ғылыми ізденісте ел экономикасы мен халық тұрмысын жақсартуға басымдық береді.

Ерболат Қасқырбаев, «Назарбаев зияткерлік мектебі» физика пәнінің мұғалімі:

Оқушыларымыз Стем бағдарламасы бойынша жұмыс жасап келеді. Жамбыл облысы мен Қырғызстан Республикасының арасындағы тұрғылықты елді мекендердегі адамдарды электр энергиясымен қамтамасыз ету жөнінде жұмыстар зерттеліп, толыққанды жақсарту жолдарын жүргіздік.

Қазір жас энергетик күн электр станциясының 4 түріне тәжірибе жасап жүр. Бұл бағытта стационарлық, бір және екі осьті жүйесін іске қосқан. Ары қарай қай қалқаны тиімді әрі тоқтаусыз тоқ көзін өндіретініне көз жеткізбек. Ол осылайша жасыл энергия алудың жан-жақты жолын жетілдіруде.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу