Ауыл шаруашылығы саласында жаңа су қоймалары салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы саласында жаңа су қоймалары салынады

04.09.2024

Араб инвесторлары еліміздің ауыл шаруашылық саласына жаңа су қоймаларын салып береді. Тоз-тозы шыққан суару жүйелерін жөндейді. «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде, елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді». Мемлекет басшысы Жолдауда осылай айтқан болатын. Міне, бүгін Астанада алғашқы келісімшартқа қол қойылды. Бастапқы жұмыс, тасқыннан зардап шеккен өңірлер мен қуаңшылық көрген оңтүстік жақтан басталады. Жалпы Араб үйлестіру тобына Қазақстан тарапы 250 жоба ұсынып отыр. Бұл жобалар газ, темір жол, денсаулық сынды түрлі саланы қамтиды. Оның жалпы құны 10 млрд доллар.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:

Еліміздің бүкіл су жүйесі қалпына келтіріледі. Су тасқындарымен күресуге, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға, елімізде жаңа су резерваттары пайда болады. Каналдар қазылады, су қоймалары салынады. Бұл жұмыс биыл басталады. Қазан айының басында тиісті несиелік жобаға қол қоямыз.

Анасси Айссами, Ислам даму банкі ел бағдарламаларының бас директоры:

Ислам даму банкі Қазақстанның су шаруашылығындағы инфрақұрылымды жаңғыртып ғана қоймайды. Сонымен қатар, Қазақстанның жолдарын да қалпына келтіреді. Бұл да өте үлкен жобаның бірі. 9 өңірдің жолдарын жөндейміз.


Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу