500-ден астам адам Президент мобилографы болуға үмітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

500-ден астам адам Президент мобилографы болуға үмітті

05.09.2024

Президенттің жеке мобилографы болуға жарияланған байқауға жұмыстарды қабылдау мерзімі ұзартылды. 500-ден астам жас өздерінің креативті жұмыстарын ұсынған. Қазір материалдар сараланып жатыр. Бәсі биік байқаудың шарттары мен мақсаты қандай? Жеңімпаз қашан анықталады?

«Менің есімім Бекболат. Менің қазір түсіріп жатқан видеоролигімде кішкентай кезінен асық ойнап, атқа мініп чемпион болған қазақтың қара домалақ баласын көрсеткім келді...»

Бекболат – байқауға өтінім бергендердің бірі. Алақандай ғана ұялы телефонмен көз тартар кадрлар түсіруді хоббиіне ғана емес, табыс көзіне айналдырған жас жігіт жүзден жүйрік атанғысы келеді. Мақсаты айқын.

Бекболат Жұмабаев, мобилограф:

Қатысып жатқан мақсатым – Президенттің жанында бір күн бойы жүріп, видео түсіру. Ол мен үшін үлкен мәртебе және қазіргі біздің түсіріп жатқан видеороликтерімізді адамдар көріп, бұрынғы ұлттық ойындарға махаббаты ашылады деп ойлаймын.

Байқаудың шарттары: қатысушылар 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы креативті промо-ролик түсіруі қажет. Оны Tiktok, Instagram және WhatsApp статусы арқылы жариялауы шарт. Бұл ретте міндетті түрде #nomadgamesfest хештегін қолдануы керек. Жеңімпаз атану оңайға түспесі анық. Өйткені мобилографияның қыр-сырын жетік меңгерген 500-ден астам үміткердің жұмысы сарапқа салынады.

Қыран Талапбек, мобилограф, режиссер:

Біздің ұйымдастырып отырған жарысымыздың басты мақсаты – танылмай жүрген таланттарды шығару, халыққа көрсету.  Жастарды қолдау, оларды жұмыспен қамтамасыз ету.

Бәсі биік байқаудың жеңімпазы 9 қыркүйек күні анықталады. Ең кретивті бейнероликтің авторы Президенттің бір күндік жеке мобилографы болады.

Жеңімпазға сондай-ақ соңғы үлгідегі смартфон мен 1 млн теңге беріледі. Өзге қатысушыларға да арнайы сый-сияпат бар. Айта кету керек, байқауға жұмыстар 7 қыркүйекке дейін қабылданады.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу