Алматы облысында ҰҚШҰ оқу-жаттығуы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ҰҚШҰ оқу-жаттығуы аяқталды

07.09.2024

Алматы облысында өтіп жатқан ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының оқу-жаттығуы аяқталды. «Жартас - 2024» деп аталатын арнайы тактикалық шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстанның төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қатысты.

Төтенше жағдай болғаны туралы дабыл қағылысымен, құтқарушылар іске кірісті. Кинологтар жер сілкінісі болған аумақты барласа, арнайы мамандар химиялық заттар төгілген қауіпті жерді залалсыздандырды. Бірнеше ғимаратта өрт шығып, қызыл жалынды сөндіруге тікұшақтар көмекке келді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қазір мына жерде екі жолаушылар пойызы соқтығысып, өрт шығып, төтенше жағдайлар қызметкерлері құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы дайындыққа жоғары баға берді. Иманғали Тасмағамбетов қатысушыларға алғыс айтып, мұндай жаттығулардың төтенше жағдай кезінде бірлесе әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Шарада шағын тікұшақтар алғаш рет өрт сөндіруге қатысты.

Жомарт Асқаров, ҚР ТЖМ департамент басшысы:

Жалпы Ми-8 тікұшақтарымен өрт сөндіруді жаттықққан болатынбыз. Алайда осы оқу-жатттығуда бірінші рет еурокоптермен өртті жоғарыдан сөндіру әдісін қолдандық. Ми-8 тік суды тастайтын болса, ал еурокоптер кез-келген қабатқа терезе арқылы су тастау мүмкіндігін көрсетті.

Оқу-жаттығу аясында ұйымдастырылған сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үздік деп танылды. Беларусь екінші орынды иеленсе, қырғызстандық құтқарушылар үздік үштіктен көрінді. Ал Ресей және Тәжікстан командалары «Достық кубогымен» марапатталды.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу