Заңсыз иемделген 1,5 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңсыз иемделген 1,5 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды

10.09.2024

1,5 трлн теңгенің заңсыз активтері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратураның жауапты өкілдері айтты. Заңсыз алынған активтер ерікті және мәжбүрлі түрде қайтарлып жатыр. Мысалы, 2022 жылдан бері мәжбүрлі түрде 15 млрд теңге, ал ерікті түрде 450 млрд теңгенің активтері мемлекет меншігіне өткен. Олардың арасында кәсіпорындардың акциялары мен үлестері, коммерциялық кешендер, еліміздегі және шетелдегі жылжымайтын мүлік, сондай-ақ жер учаскелері мен зергерлік бұйымдар сынды және басқа да құнды мүліктер бар. Айта кетейік, активтерді сатудан қазынаға 5.5 млрд теңгеден астам қаражат түскен.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы:

Заңның негізгі қағидаттарының бірі – ол ерікті қайтаруды ынталандыру. Ерікті қайтарудың артықшылығы субъект мүлкінің бір бөлігін өзінде сақтап қала алады. Сонымен қатар азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін елге қажетті жобаларды іске асырады. Ең бастысы - қаражаттың Қазақстанда жұмыс істеуі, салықтың осында төленуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы.

Қайтарылған активтер есебінен инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары да басталды. Қазірге дейін бұл бағытта 30 млрд теңге игерілген. Олардың ішінде химиялық және тамақ өнімдері мен басқа да тауарларды шығаратын өндірістік объектілерді салу және жаңғырту бар.


Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу