Шымкентте биыл өнеркәсіп саласында 16 инвестициялық жоба жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте биыл өнеркәсіп саласында 16 инвестициялық жоба жүзеге асады

14.09.2024

Шымкентте биыл өнеркәсіп саласында 16 инвестициялық жоба жүзеге асып, мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Ал мұнай өңдеу зауыты өнім көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бүгін мегаполиске жұмыс сапарымен барған Премьер министр Олжас Бектенов Президент Жолдауын іске асыру барысымен танысып, мамандармен елімізде атом электр стансасын салу мәселесін талқылады.

Еуро-4 және Еуро-5 халықаралық стандартының талаптарына сай өнім шығарып жатқан Шымкент мұнай өңдеу зауыты енді өндіріс қуатын арттырады. Биыл 6 миллион тоннаға жуық шикізат өңдесе, алдағы бес жылда ол 12 миллион тоннаға жетпек. Осыған байланысты зауытта электр қуатын тұтыну тағы 90 МВт-қа көбейгелі тұр.

Өндіріс қуатын арттыру жобасымен танысқан үкімет басшысы бұл бастама елімізде жанармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпек, деді.

Шымкентте өндіріс қуатын арттыруды көздеп отырған кәсіпорынның бірі сусын құю үшін темір қалбыр шығаратын мына зауыт. Оның өнімі 4 елге экспортталады. Қазір шаһардағы 7 өнеркәсіп аймағында осындай 293 өндіріс орны жұмыс істейді. 8 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Шымкентте биыл 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2 жарым мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ. Сондай-ақ бірнеше шағын ауданда жайлы мектеп, емхана, заманауи спорт кешендері мен оқушылар сарайы салынуда. Үкімет басшысы Ақжайық шағын ауданын аралау барысында құрылыс сапасын жақсартуды, отандық өнімдер мен қызмет үлесін одан әрі арттыру қажеттігіне назар аударды.

Қаланың дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру және өндіріс орындарының көбеюі оларды үздіксіз энергиямен қаматамасыз ету міндетін жүктейді. Үкімет басшысы бүгінгі таңда елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының 70%-ы көмір электр стансаларына тәуелді екенін айтты. Алайда жұмыс істеп тұрған стансалардың тозуы бұл саланы да тежеп отыр. Сондықтан атом қуатын пайдалану бұл қиындықтардың шешімі бола алады дейді мамандар.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу