Динара Зәкиева: Мектептерге жеке инспекторларды қайтару маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Динара Зәкиева: Мектептерге жеке инспекторларды қайтару маңызды

15.09.2024

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Ақтөбе облысының Қопа ауылына барды. Өткенде хабарлағанымыздай, ол ауылда тоғызыншы сынып оқушысы Нұржан Сыдық жоғары сынып балаларының қолынан қаза тапты.

Зәкиева психолог, әлеуметтік қызметкер, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың жұмысын зерделеген. Аудан прокурорымен бірге оқушылар арасында анонимді сауал жүргізген. Мектепте үлкендер кішілерді «тәрбиелейтін» система барын анықтаған. Бопсалау сияқты шұғыл араласатын проблемалар қылтиған.

Мұндай алаңдатарлық нәрселер бар екенін басында өткен кездесуде жоққа шығарған аудан әкіміне, мектептің өзіне, жергілікті полицияға бердім деп жазды Балалар омбудсмені әлеуметтік желідегі парағында. Проблеманы мойындамау... осындай жантүршігерлік жайттарға апарады.

Динара Зәкиева жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен буллинг барлық аймақта бар екеніне тоқталған. Әр мектепке жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторды қайтару керек деп санайды. Бұрын инспекторлар болғанда нәтиже болғанын айтады.

Темір ауданында, мысалы, 27 мектепке 3 қана инспектордан келетінін жазып, мектептердегі жағдайды бақылау қиын екеніне нұсқайды. Сонымен бірге өңірлерде бала құқықтарының қорғалуына жауапты орган жоқтығына назар аударады. «Мектептер, өмір көрсетіп отырғандай, келеңсіз процесстерді жасырады. Мектептің, директордың имиджін сақтау үшін. Себебі соңында соларды жазалайды ғой. Сондықтан әлеуметтік педагогтерді Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттерге (құрылатын болса) беру керек. Сонда олар мектептегі «көзге» айналушы еді... Дабыл қағатын жағдай туса, хабардар етер еді», - дейді Динара Зәкиева.

Осы аптада тағы бір видео тарады. Астанада Ы. Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясының оқушылары бір баланы ұрып, оны видеоға түсірген.

Оқиғаны Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Осы факт бойынша 9-сынып оқушылары анықталды. Ата-аналарын шақырып, сөйлестік. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша балалардың іс-әрекетіне баға беріледі», - дейді...

Не деген бітпейтін жауыздық. Павлодарда алтыншы сынып оқушысы өзі құралпы екі баланы пышақпен жаралаған... Оны сабақты үйде отырып оқу форматына ауыстырыпты. Жарақаттанған балалар аман-сау.


Хабарламаларға жазылу